Оқушылар жазғы демалыс мезгілінде «екі қолға бір күрек» табуға тырысады.
Еңбек заңнамасы бойынша балалар 14 жастан бастап ата-анасының рұқсатымен жұмыс істей алады. Былтыр елде 14 пен 18 жас аралығындағы 15 мыңнан астам бала ресми жұмыспен қамтылды. Алайда балалардың еңбек етуіне тыйым салынған салалар да бар. Нені білген жөн?
Сабақтан тыс уақытта тапсырыс қабылдап, діттеген жерге жеткізу. Осындай еңбек түрі ағзаны ширатып қана қоймай, ақшалай табыс әкелуімен пайдалы. 16 жастағы Әлихан осылай дейді. Өзі колледжде маркетолог мамандығы бойынша 1-курста оқып жүр. Каникулдағы басты әуестігі – курьерлік қызмет.
Әлихан Қайыргелді, курьер:
- Оқудан босаған соң, сондай-ақ жұмысқа ынтам болғанда шығамын. Әдетте, әрқашан ынтамен кірісемін. Ешкім жұмыс істе деп мәжбүрлеген жоқ, өз таңдауым. Ата-анам бастамама қолдау көрсетті. Кейбір достарым да мен секілді еңбектеніп жүр. Бірі – қоймада, енді бірі – даяшы.
Курьер, даяшы, сатушы, жұмысшы. Бұл – оқушылар көбірек таңдайтын еңбек түрлері. Құзырлы министрлік өкілдері заңда белгіленген нормаларды еске салды. 14 жасқа толған оқушылар ата-анасы немесе заңды өкілінің келісімімен, оқудан бос уақытында, жеңіл жұмысқа тартыла алады. 14 пен 16 жас аралығындағы балалар үшін жұмыс уақыты аптасына 24 сағаттан аспауы, 16 мен 18 жас аралығындағы жастар үшін аптасына 36 сағаттан аспауы шарт.
Асхат Жұмалы, ҚР ЕХӘҚМ Мемлекеттік еңбек инспекциясының бас сарапшысы:
- Еңбек кодексінің талаптары мен нормаларына сәйкес еңбек шартын жасасудың жалпы жасы – 16 жас. Алайда ерекше жағдайлар бар ол 15 жастан бастап негізгі орта немесе жалпы орта білім алған жағдайда ата-анасының немесе қамқоршысының жазбаша келісімімен жұмыс істей алады. 14 жастан бастап оқудан бос уақытта, денсаулығына зиян келтірілмейтін жеңіл еңбекті ата-анасының келісімімен жасай алады. 14 жасқа толмағандар кинематограция, театр, концерт, цирктерде шығармашылық ұжымда денсаулығына және адамгершілік тұрғыдан дамуына нұсқан келтірілмесе, істей алады.
Кәмелет жасқа толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуімен қатар, ауыр, қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істеуге заңмен тыйым салынған. Осы қатарда түнгі ойын-сауық, құмар ойын орындары, алкоголь, темекі өнімдерінің сатылымы да бар. Жұмыс баланың физикалық және жалпы адамгершілік дамуына зиян келтірмеуі керек.
Нұрсұлтан Орынбеков, заңгер:
- Десе де ауыр жағдайларға тап болатын, баланың құқықтары қорғалмайтын, еңбек құқықтары қорғалмайтын болса немесе еңбек барысында қандай да жарақат алатын болса, жауапкершілік тек қана жұмыс берушіде емес, ата-аналарға да тиесілі болуы мүмкін. Сол үшін ата-аналар алдын ала жұмысқа орналасу барысында балалардың жұмыс уақытын, жұмыс жағдайын қадағалауы тиіс. Ол жердегі жағдай баланың тәрбиесіне, психологиясына кері әсер етпеуін қадағалау – бірінші кезекте ата-ананың міндеті.
Былтыр елде 14 пен 18 жас аралығындағы 15 мыңнан астам бала жұмыспен қамтылды. Бұл – тек ресми мәлімет. Статистика жыл сайын артып келеді. Елордалық әкімдік биыл 5200 жасты еңбекпен қамтиды. Оқушылар мен колледж студенттері дәстүрлі «Жасыл ел» жасағына алынып, қаланы көгалдандыру, абаттандыру шараларына қатысады.
Ерлан Айдар, Астана қаласы әкімдігінің «Жастар саясаты мәселелері басқармасы» ММ бөлімінің басшысы:
- Негізгі бағыты – әлеуметтік бағдарлама болып табылады. Біз бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды бірінші кезекте жұмысқа аламыз. Жоба 4 айға жоспарланған. Яғни мектеп жасындағы балалар жазғы еңбек маусымын тиімді пайдаланып аталған бағдарламада жұмыс жасай алады. Аталған жұмыстың бәрі әрине «Таза Қазақстан», «Заң мен тәртіп» идеологемаларын ілгерілету мақсатында жүзеге асырылып жатыр.
Иә, еңбектің наны тәтті. «Жасыл елдегі» балалар 85 мың теңге көлемінде ресми жалақы алады. Елдегі танымал платформада жұмыс берушілер жасөспірімдерге орта есеппен 100 мың теңгеге дейін жалақы ұсынып отыр. Ал «еңбек.кз» электронды биржасы балаларға арнап «Менің жазғы каникулым» арнайы бөлімін ашты. Онда 14 жастан асқан балалар ата-анасының көмегімен өз түйіндемесін жүктеп, ұсынылған вакансияларды таңдай алады.
Авторлары: Рухани Әбдірахман, Ақылбек Есемсейіт, Мейрам Жүнісов
Тегтер #еңбек #оқушылар #жазғы демалыс #жұмыс берушіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz