RU
Толық нұсқаға өту

Индустриялды өңір қарқынды дамып келеді

21.05.2026, 21:47 22

Қарағанды облысына жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев өңірдің ірі индустриялық және энергетикалық жобаларының жүзеге асу барысын тексерді.

Ірі өндіріс орындарын жаңғырту, алдағы жылу маусымына дайындық, жылу энергетикасы жүйелерінің жай-күйі және газдандыру жобаларының орындалу барысы сөз болды.

Премьер-министрдің бірінші орынбасарының сапары Теміртау қаласынан басталды. Qarmet металлургиялық комбинатында болып, өндірісті жаңғырту және экологиялық тиімділікті арттыру бағытындағы жұмыстармен танысты. Кәсіпорында №3 домна пешін табиғи газға көшіру жобасы жүзеге асқан. Бұл мазутты пайдалануды тоқтатып, өндірістің тұрақтылығын арттырып және қоршаған ортаға таралатын қалдықты азайтқан.

Бұдан соң Нұрлыбек Нәлібаев жылу энергетикалық нысандарын аралап, ондағы жаңғырту жобаларымен танысты. Мысалы, Қарағандыдағы №3 ЖЭО-да жаңа энергия блогы іске қосу жоспарланған. Жоба іске асқанда қуаты айтарлықтай артып, жүздеген тұрғын үй мен әлеуметтік нысанды жылумен қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ Қарағандыны газдандыру жұмыстары да пысықталды. Биыл бірінші кезең аяқталып, 10 мыңнан астам абонент табиғи газға қосылады.

Мұрат Қамалиев, Қарағанды қаласы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Алты мен жетінші іске қосу кешенінде жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы жылдың соңына дейін аяқтаймыз. Ендігі жылдан бастап екінші кезектегі 4 іске қосу кешенін бастаймыз. 

Үкімет басшысының орынбасары Саран индустриялды аймағындағы бірқатар өндіріс орындарын да аралады. Автобус, жүк көліктерін құрастыратын шина және тұрмыстық бұйымдар шығаратын зауыттар қазір қарқынды жұмыс істеп тұр.

Талғат Әбдірахманов, тұрмыстық техника зауытының операциялар жөніндегі директоры:

- Біз жеті түрлі тұрмыстық техника шығарып жатырмыз. Қысқа толқынды пеш, теледидар, шаңсорғыштар, ас үй плиталарын құрастырамыз. Мамандарымызды арнайы оқуға жібердік. Тауарымызды ішкі нарыққа ғана емес, шетелге де саудаға жөнелтеміз.

Сапар қорытындысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары өнеркәсіптік және энергетикалық жобаларды жүзеге асыру Қарағанды облысын дамытудың маңызды факторларының бірі болып қала беретінін атап өтті.

Нұрлыбек Нәлібаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:

- Іске асып жатқан жобалардың барлығы енді өте жақсы. Бірнеше зауытта болдық. Кем дегенде әрқайсысында 400 адамнан жұмыс істеп жатыр, алдынғыларында мың адамнан жұмыс істеп жатыр. QARMET-те болдық. Бұл жерде енді орташа жалақы 619 мың теңге. Бұрынғыға қарағанда ол жақта көп жұмыстар жасалған. Қаланың өзіне де, Теміртау қаласына көмектесіп жатыр. Салық түсімдері де осыдан үш жыл бұрын 80 миллиард теңге көлемінде салық  төлеп келсе, бүгінде 147 миллиард теңгеге дейін салық төлеп жатыр. Ол енді өте жақсы.

Нұрлыбек Нәлібаев  жергілікті атқарушы органдарға инфрақұрылымдық жобалардың сапасына, энергетикалық кешенді жаңғыртуға, отандық өндірушілерді қолдауға және жылу беру маусымына дайындыққа баса назар аударуды тапсырды. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz