«Қауіпсіз өңір» жобасы аясында былтыр Орал қаласында 52 көше мен 29 аула жарықтандырылып, 300 бейнебақылау камерасы жасанды зерде жүйесіне қосылған.
Өзге де атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қылмыс деңгейі 18%-ға төмендепті. Алайда құқықбұзушылықтың алдын-алуда ескерер жайттар аз емес. Өңір басшысының қатысуымен өткен бүгінгі үйлестіру кеңесінде аймақтағы ахуал талқыланды.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған үйлестіру кеңесінің отырысына өңірдегі барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты. Жиында атап өтілгендей қылмыс деңгейі төмендеп келеді. Прокуратураның тапсырмасы бойынша әрбір елді мекеннің «криминогендік паспорты» әзірленіп жатыр. Мәслихаттар үш жылға арналған «қылмысты төмендету индикаторларын» бекіткен.
Әсел Зайдулина, БҚО прокурорының аға көмекшісі:
- «Қауіпсіз өңір» жобасының мақсаты – елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бүгінде жоба аясында облыс орталығында жасанды интеллекті бар 300 камера іске қосылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде биыл қылмыс деңгейі 18%-ға төмендеді.
Дегенмен өңірдегі криминогендік ахуал әлі де жіті бақылауды талап етеді. Өңір басшысы атап өткендей, мас күйде көлік айдайтындар аз емес, мал ұрлығы тыйылмай отыр. Ведомствоаралық комиссия отырысында нақты хаттамалық тапсырмалар берілгенімен, жергілікті жерде бақылаудың әлсіздігінен нәтиже байқалмайды. «Жауапты тұлғалардың жұмысын ширату – басты міндет», - деді облыс әкімі.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев белгілеп берген «Заң мен тәртіп» қағидаты – бүгінгі қоғамдық қауіпсіздік пен құқық үстемдігінің басты кепілі. Бұл жұмысқа тек құқық қорғау органдары емес, барлық мемлекеттік құрылымдар мен жергілікті қоғамдастық бірлесе атсалысуы тиіс. Осы мақсатта Батыс Қазақстан облысында қоғамдық орындар мен көшелердегі қауіпсіздікті күшейту, цифрландыру мүмкіндіктерін кеңейту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді.
Кеңес барысында құзырлы органдарға «Қауіпсіз өңір» жобасын жүзеге асыруға кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерін тарту, қылмыстың алдын-алу шараларын ширату тапсырылды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Тегтер #Орал #қылмыс #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz