RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында көктемгі егіс науқаны басталды

21.05.2026, 22:38 26

Ақмола облысының шаруалары көктемгі дала жұмыстарын бастап кетті. Биыл аймақ диқандары 5 жарым миллион гектарға жуық жерді игереді. 

Қазір шаруалар соның екі миллион гектарына дақыл сеуіп үлгерді. Жалпы өңірдегі егіс науқанына биыл 37 мың техника жұмылдырылған. Ал жеңілдетілген бағадағы дизель отыны, жергілікті барлық шаруашылыққа үлестірілді.

Сандықтау ауданында көктемгі егіс науқанының қызған шағы. Мәселен, Новоникольское ауылындағы мына серіктестік көктемгі дала жұмыстарына мамыр айынының басында кіріскен. 15 мың гектарға жуық алқапқа дән сеуіп жатыр.

Аржан Дулат, серіктестік директоры:

- Біз көктемгі дала жұмыстарына былтыр күзден бастап дайындалдық. Топырақты қопсытып, қыс бойы қар тоқтату жұмыстарын жүргіздік. Осылайша, алқаптардағы ылғал қорын сақтап қалдық. Қазір жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Көктемгі егіс науқанына заманауи 11 техника мен 130-дан астам адам жұмылдырылды.

Биыл өңірде агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 239 млрд.теңге бөлінді. Қомақты қаржының 85 миллиард теңгеге жуығы қайтарымсыз субсидия. «Бұл шаруалардың кәсібін ширатып, мол өнім алуына мүмкіндік береді», - дейді жауаптылар. Өңірде қаржыландыру жұмысы да жылдағыдан ерте басталды. Яғни көктемгі дала жұмыстарына қажет қаражатты шаруалар желтоқсан айында алды.

Азамат Ехсанов, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

- «Кен дала-2» бағдарламасы аясында 761 шаруаға 104 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Бұдан бөлек, форвардтық сатып алу бағдарламасы аясында 31 диқан 27 миллиард теңгеге қаржыландырылды. Жеңілдетілген лизингтің арқасында өңір шаруалары техникалық базаларын айтарлықтай жаңартты. Жыл басынан бері 37 млрд. теңгеге 600-ге жуық заманауи техника сатып алынды. 

Аймақтағы осы жылғы тұқым қоры – 544 мың тонна. «Бұл межеленген алқапқа толығымен жетеді», - дейді жауаптылар. Сондай-ақ биыл егіс алқабы 65 мың гектарға ұлғайған. Ауа-райы қолайлы болса, көктемгі дала жұмыстары маусым айының онына дейін аяқталады деп  жоспарлап отыр. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz