Алматыда «Бірінші Баку түркологиялық құрылтайына» қатысты сирек архивтік фотосуреттер, бейнематериалдар мен құжаттар таныстырылды.
Тарихи форумның 100 жылдығына орай халықаралық симпозиум өтті. Оған түркі халықтарының өкілдері және Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан мен Түрікменстанның ғалымдары, тарихшылары мен тіл мамандары қатысты.
Симпозиум аясында Әзербайжан ұлттық тарих музейі мен Қазақстанның Орталық мемлекеттік архивінің сирек қор материалдары негізінде дайындалған арнайы көрме ашылды. Экспозицияда 1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық құрылтайға қатысты хаттамалар, есептер, ғылыми еңбектер мен қатысушылардың фотосуреттері қойылған. Көрмеде ұсынылған құжаттардың арасында арнайы шақырылған делегаттардың тізімі де бар. Онда қазақтың қоғам қайраткері әрі ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының есімі көрсетілген.
Шаин Мустафаев, Түркі академиясының президенті:
- Бүгін көптеген түркі халқы мен елдерінің өкілдері жиналып отыр. Қазір де осыдан жүз жыл бұрын біздің ізашарларымыз күн тәртібіне шығарған мәселелер талқыланады. Олар – ортақ түркі әліпбиі, ортақ тарих, ортақ мәдениет мәселелері. Сонымен қатар түркология ғылымының даму жолдары мен бағыттарын сөз етеміз.
Расында да бір ғасыр бұрын көтерілген тақырыптардың кейбірі бүгін де өзекті. Екі күн бойы сарапшылар ХХІ ғасырдағы түркология ғылымының дамуы, ғылыми ықпалдастық және түркі мемлекеттері арасындағы гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылайды.
Сыртбай Мұсаев, Б. Юнусалиев атындағы тіл білімі институтының директоры:
- Елді біріктірудің, ұлтты жақындатудың бірінші құралы – тіл. Ал тілді жазу арқылы жақындатады. Әр ел өз тілінде сөйлей береді. Десе де жазбасы жақындаса, елдер бірігеді. Осы мақсатта 26-шы жылы кездесіп, ата-бабаларымыз сөйлескен. Алайда Кеңес үкіметінің идеологиялық саясаты осы құрылтайда белгіленген бағыттардың іске толық асуына мүмкіншілік берген емес.
Ертең Ұлттық кітапханада Түркі мәдениеті және мұрасы қорының басшылығымен жарық көрген ғылыми еңбек пен бейнедеректер шежіресі таныстырылады. Қатысушылардың айтуынша, мұндай форум түркі әлемі арасындағы ғылыми және мәдени байланыстарды одан әрі нығайтатын маңызды алаңға айналуы тиіс.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев
Тегтер #Алматы #Түркі әлемі #СимпозиумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz