RU
Толық нұсқаға өту

Астана жасыл шаһарға айналды

22.05.2026, 09:00 91

Президенттің «Таза Қазақстан» бастамасы аясында елді мекендерді көгалдандыруға баса көңіл бөлініп отыр. Ал 2027 жылға дейін ел көлемінде 2 млрд түп ағаш егіледі.

Астанада жыл басынан бері 30 мыңнан астам көшет тамыр тартты. Мамандар ағаштың әсемдігімен қатар, Арқаның ыстық-суығына төзімділігін де назарға алған. Қазір қала іргесінде тәлімбақтарда қызу науқан жүріп жатыр. 

Күн жылығалы Астанада ағаш отырғызу науқаны басталды. Сол шыбықтардың басым бөлігі қала іргесіндегі тәлімбақтарда өсіріледі. Бұл тәлімбақта 40-тан астам ағаш түрі бар. Мамандар әр шыбықты балаша мәпелеп, ерекше күтіммен қарайды. Бір шыбықты өсіруге ондаған жыл қажет. Ал қарағай, шырша сынды ағаштарды 15 жылға дейін күтіп-баптауға тура келеді. Тәлімбақ қызметкерлері әрбір тұқымның көктеп, бой түзеуі үшін бірнеше кезеңнен тұратын жұмысты жүргізуге тиіс.

Жанат Әйкенов, Тәлімбақ меңгерушісі:

- Бұл қайың ағашы. Ол тұқымнан 5-6 жыл болды. Қазір бірінші мектепте отыр. Сосын 3-4 жылдан соң екінші мектепке отырғызамыз. Сосын бойы 2-3 метр болғанда қалаға жібереміз. Оны өсіруге 10-15 жыл қажет.

Астана күн санап ұлғайып келеді. Жаңа аудандар салынып, саябақтар саны көбейді. Соған сай тал-шыбыққа сұраныс та артып отыр. Тәлімбақ тәулігіне 300-ге жуық шыбықты шаһарға жөнелтеді. Мұнда жергілікті климатқа төзімді және экологиялық пайдасы мол ағаш түрлеріне көп көңіл бөлінеді. Жалпы, жыл соңына дейін тәлімбақ қалаға 350 мың шыбық жеткізуге тиіс.

Бауыржан Алханов, Тәлімбақтың бас агрономы:

- Ағаштардың басым бөлігін өзіміз жинап, сорттап, тұқымынан жинап, басынан аяғына дейін баптайтын ағаштар. Біздің көріп жатқанымыз биыл сұраныстың ағашқа көп болған жағдайына байланысты метрлік жөкелер, липаларды алып, әрі қарай күтіп-баптап, беруге жоспарлап отырмыз.

Мемлекет басшысы «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде елді мекендердегі жасыл желекті молайту туралы тапсырма берген еді. Елордада жыл басынан бері бірнеше іс-шара өтіп, мыңдаған адам қатысты. Ал сәуірде басталған экологиялық айлық аясында 30 мыңнан астам ағаш егілді.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz