Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заңның салдары мен қаңғыбас иттер мәселесін шешу жолдары қоғамда қызу пікірталас тудырып отыр. Бір тарап қауіпсіздікті күшейту қажет десе, екінші тарап бюджет жүктемесі мен жүйенің тиімділігіне алаңдайды, деп хабарлайды «24KZ»
Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы заң ресми түрде қабылданды. Жануарларды қорғаушылар мен қатаң шараларды қолдаушылар арасындағы көпжылдық пікірталас аяқталғанымен, басты сұрақ әлі де өзекті: көшелер қауіпсіз бола ма?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, бұл заңды тек жануарларды қорғау мәселесі ретінде ғана емес, қоғамдық қауіпсіздік, мемлекеттік басқару сапасы және бюджет қаражатының тиімділігі тұрғысынан да қарастыру қажет.
Мемлекет қоғамның нақты сұранысына жауап беріп отыр. Адамдар аулаларда, мектептердің маңында, базарлар мен тұрғын үй кешендерінің жанында қауіпсіздікті қалайды. Қаңғыбас иттердің адамдарға шабуыл жасау мәселесін елемеуге болмайды, – дейді сарапшы.
Түзетулерді талқылау кезінде келтірілген деректерге сәйкес, ауланған жануарлар саны 2022 жылғы 243 574-тен 2026 жылдың басында 276 282-ге дейін өскен. Ал осы кезеңде адамдарға иттердің шабуыл жасау жағдайлары 36 746-дан 41 366 жағдайға дейін артқан.
Сонымен қатар заңның соңғы редакциясы бастапқы нұсқамен салыстырғанда жұмсақтау болды. Құжаттан «бес күн – эвтаназия» механизмі алынып тасталды, ал эвтаназия туралы шешім енді ветеринариялық қорытынды негізінде қабылдануы тиіс. Бұдан бөлек, назар чиптің болмауынан жануар иесінің болмауына ауыстырылды.
Алайда реттеудің негізгі моделі сақталды, өйткені заң әлі де қаңғыбас жануарларды қайтарымсыз аулауды қарастырады.
2022 жылдан бері жануарларды аулау, зарарсыздандыру және вакцинациялау жұмыстарына 14,5 млрд теңге жұмсалды. Бірақ бұл қаңғыбас жануарлар санының өсуін тоқтата алмады. Бұл мәселе тек модельдің өзінде емес, оны іске асыру сапасында да болғанын көрсетеді, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жануарларды есепке алу жүйесінсіз, мердігерлердің ашықтығынсыз, иелерін бақылаусыз және өңірлер үшін бірыңғай ережелерсіз жұмсақ та, қатаң да модель тиімді жұмыс істемейді.
Қысқа мерзімде қайтарымсыз аулау көшелердегі иттердің көзге көрінетін санын азайтуы мүмкін. Алайда жануарларды тастап кету, қараусыз жіберу, бақылаусыз көбейту және иелерінің жауапкершілігінің төмендігі мәселелері шешілмесе, уақыт өте келе жағдай қайта қайталануы мүмкін.
Мемлекет мынадай циклге түсіп кету қаупіне ие: аулау – санның уақытша азаюы – жаңа жануарлардың пайда болуы – қайтадан аулау, – деп түсіндіреді қаржыгер.
Сарапшының пікірінше, тағы бір қауіп – өңірлік бөлшектену. Өйткені өкілеттіктердің бір бөлігі жергілікті органдарға берілетіндіктен, реттеу тәсілдері өңірлер арасында айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Баспаналары, еріктілері және қоғамдық бақылауы бар ірі қалаларда заңның орындалуы жүйелі болуы ықтимал. Ресурстары шектеулі аудандарда мәселені ең оңай жолмен – жедел әкімшілік аулау арқылы шешуге ұмтылыс болуы мүмкін.
Сондықтан барлық өңірлер үшін бірыңғай ең төменгі орындау стандартының болуы маңызды, – дейді ол.
Сарапшының пікірінше, Қазақстан халықаралық тәжірибені ескеруі қажет. Мысалы, Үндістанда ОСВВ моделі қолданылады: аулау, зарарсыздандыру, вакцинациялау және жануарларды бұрынғы мекеніне қайтару. Алайда бұл тәсіл де тек жаппай және жүйелі түрде іске асырылған жағдайда ғана нәтиже береді.
Еуропалық Одақ елдерінде негізгі назар жануарлардың қадағалануына аударылады. Еуропалық модельдің негізінде міндетті чиптеу, тіркеу, көбейтуді бақылау және жануарларды тастап кеткен иелердің жауапкершілігі жатыр.
Қазақстан үшін басты қорытынды – пікірталас ОСВВ мен қайтарымсыз аулаудың арасындағы таңдауға ғана тірелмеуі керек. Екі модельдің де шектеулері бар. Иелерін бақылаусыз және жаңа қаңғыбас жануарлардың пайда болуының алдын алмайынша, ешбір жүйе тұрақты нәтиже бермейді, – деп атап өтті Жаналина.
Экономикалық тұрғыдан қарағанда жедел аулау арзанырақ шешім болып көрінуі мүмкін, бірақ ұзақ мерзімді перспективада бұл әрдайым бюджетке түсетін жүктемені азайтпайды.
Егер мемлекет жыл сайын жануарларды аулау, күтіп-ұстау және әкімшілендірудің жаңа циклдар қаржыландыруға мәжбүр болса, онда ол мәселені шешуді емес, *оның салдарын үнемі жоюды қаржыландырып отырған», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, неғұрлым тұрақты тәсіл міндетті чиптеу мен тіркеуді, көбейтуді бақылауды, иелердің жауапкершілігін, ашық есепке алу жүйесін, өңірлер үшін бірыңғай стандарттарды және жүйенің барлық кезеңдері бойынша ашық есептілікті қамтуы тиіс.
Өкілеттіктерді жергілікті деңгейге беру өңірлер арасында тым әртүрлі тәжірибеге алып келмеуі маңызды. Заң жануарлар санын реттеу тәртібі мен мерзімдерін жергілікті деңгейде анықтауды қарастырады, сондықтан бірыңғай ұлттық орындау стандарты қажет.
Өңірлер өз ерекшеліктерін ескере алады, алайда негізгі ережелер барлығына ортақ болуы тиіс: иесін іздеу мерзімі, хабарлау тәртібі, еріктілермен өзара іс-қимыл, баспаналар мен уақытша ұстау орындарына қойылатын талаптар, жануарларды күтіп-ұстау шарттары және шешім қабылдау рәсімі, – деп қосты Венера Жаналина.
Оның пікірінше, заң шынымен де жылдам көзге көрінетін нәтиже беруі мүмкін – көшелердегі иттер азаюы ықтимал. Алайда тұрақты нәтиже аулау жалғыз құралға айналмаған жағдайда ғана мүмкін болады. Жануарларға жауапкершілікпен қарау әлдеқайда ертерек – иелердің жауапкершілігінен басталады», – деп түйіндеді Венера Жаналина.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #қаңғыбас иттер #Qazaq Expert ClubPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz