RU
Толық нұсқаға өту

Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 297 жол апаты болды

22.05.2026, 11:20 70

Жыл басынан бері Маңғыстау облысында 297 жол апаты тіркелді. Жол көлік оқиғасы бойынша облыс, республикада сегізінші орында тұр.

«Көп жағдайда жүргізушілердің жол ережесін бұзуы, апатқа әкеледі», - дейді құқық қорғаушылар. Әрі кейбір жүргізушілердің кәсібилігі де күмән тудырады. Былтыр прокуратура өңірдегі авто-мектептердің қызметін тексеріп, мыңнан астам жалған куәлік беру дерегін әшкереледі. Бұл туралы облыс прокуратурасы өткізген үйлестіру кеңесінің отырысында айтылды.

Облыс прокуроры Серікқали Күшәлиев төрағалық еткен жиында аймақтың жол қауіпсіздігі саласында заңдылықтың сақталу мәселесі талқыланды. Прокуратура мәліметінше, жалпы өңір жолдарының жай-күйі  нормативтік талаптарға сай. «Көп жағдайда жол көлік оқиғасы жүргізушінің ережеге немқұрайлы қарауынан туындайды. Өз кезегінде жергілікті автомектептердің жұмыс сапасы күмән тудырады», - дейді қадағалаушы орган өкілі.

Данияр Төлегенов, облыс Прокуратурасының басқарма бастығы:

- Облыс Прокуратурасымен автомектептердің қызметіне тексеру жүргізілді. Тексеру қорытындысымен мыңнан астам заңсыз сертификат беру деректері анықталды. Бұл бойынша тиісті лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар 2 автокөлік мектебінің қызметі тоқтатылды.

Жолдағы жүгенсіздіктің алдын алуда заманауи үлгідегі бақылау құралдарының тиімділігін қазіргі уақыт көрсетіп отыр. Бүгінде Маңғыстау жолдарында 63 мыңнан астам бейнекамера жұмыс істейді. Басым дені жедел басқару орталықтарына қосылған. Бұдан бөлек, биыл дрондардың көмегімен 11 мыңнан астам заңбұзушылық анықталып, ереже бұзғандарға жалпы сомасы 2 млрд теңге болатын айыппұл салынды.

Серік Айдаров, облыстық ПД Басқарма бастығы:

- Былтыр Маңғыстау облысының барлық аудан-қаласында жедел басқару орталықтары орнатылды. Бейнекамералар жол көлік оқиғалары және орын алатын қылмыстарға талдауға сәйкес орнатылды. Осы есептік кезең, яғни 4 ай 20 күн ішінде өңірде жол көлік оқиғалары 22 пайызға төмендеп отыр.

Үйлестіру кеңесінің қорытындысында жүргізушілерді даярлау сапасын арттыруға және тұрғындардың құқықтық мәдениетін көтеруге бағытталған бірқатар іс-шара жоспары әзірленді. Сондай-ақ автомектептер қызметіне рейтингтік бағалау жүйесін енгізу ұсынылды.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz