RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда жыл басынан бері үшінші үшем дүниеге келді

22.05.2026, 17:57 56

Алматы қаласының №2 қалалық перинаталдық орталығында биылғы үшінші үшем өмір есігін ашты. 7 мамыр күні жарық дүниеге келген бірден үш қыз бала ерлі-зайыптылардың үшінші, төртінші және бесінші перзенттері атанды. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ»

Бұған дейін екі бала тәрбиелеп отырған отбасы осылайша бір күнде көпбалалы шаңырақтардың қатарына қосылды. Ал аталған медициналық мекеме үшін бұл 2026 жылдың басынан бері тіркелген алғашқы үшем оқиғасы болып отыр. Жыл басынан бері орталықта 41 егіз бала туған.

Сәбилер мерзімінен ерте, яғни жүктіліктің 35-аптасында кесарь тілігі әдісімен дүниеге келді. Жаңа туған нәрестелердің салмағы 1399, 1694 және 1677 грамм. 

Туғаннан кейін қыздар бірден жаңа туған нәрестелердің жансақтау бөліміне ауыстырылды. Олар үш күн бойы арнайы медициналық көмек алып, аппаратының көмегімен тыныс алды. Қазіргі уақытта балалардың жағдайы тұрақты, олар анасымен бірге жалпы палатаға ауыстырылды және мамандардың жіті бақылауында», дейді дәрігерлер.

Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі жүктілікті сәтті аяқтау - акушер-гинекологтар, анестезиологтар, акушерлер мен неонатологтардың үйлесімді әрі жоғары кәсіби жұмысының нәтижесі.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz