Шымкентте «Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасының жеңімпаздары анықталды.
Сегіз айға созылған ауқымды байқауда қала тұрғындары жарты миллионнан астам отандық және әлем әдебиетін оқып, кітапқа зейін қоюды жаңа трендке айналдырды. Жоба аясында үздік шыққан 147 адам қаржылай сыйлықтарға ие болды.
Жалпыхалықтық жоба қыркүйек айында басталып, қоғамда кітап оқудың ерекше мәдениетін қалыптастырды. Салтанатты шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков арнайы қатысып, жеңімпаздарды марапаттады.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
- Қысқа уақыт ішінде 66 мыңнан астам тұрғын қатысып, 500 мыңнан аса кітап оқылды. Бұл қаламыздың тұрғындарының руханиятқа деген жоғары қызығушылығының айқын көрінісі болып табылады. Баршаңызды рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Кітап оқитын ұлт» жобасының табысты жүзеге асуымен құттықтаймын.
Байқау «Кітап оқитын әулет», «мемлекеттік қызметші» және «студент» сияқты алты бағытта ұйымдастырылды. Қатысушылар ұсынылған 15 кітапты оқып соның негізінде арнайы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар дебаттар, эссе байқауларынан өтті. Барлығы 147 адам жеңімпаз атанды.
Гүлмира Мырзалиева, "Кітап оқитын әулет" бағытының жеңімпазы:
- Мен өзім мұғаліммін. Отбасыммен кітап оқығанды өте жақсы көреміз. Сондықтан бұл жобаны ести сала өте қатты қуандық. Отбасымызбен осы жобаға қатысуды шештік.
Жеңімпаздарды әділ анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, оның құрамына ақын-жазушылар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері тартылды.
Азамат Парманов, қалалық жастар саясаты басқармасының басшысы:
- Жүлде қоры 38 млн-ға жуық қаржыны қамтыды. Яғни бірінші орынға 1 млн теңге, екінші орынға 600 мың теңге, үшінші орынға 400 мың теңгеден берілді.
«Кітап оқитын ұлт» пилоттық жобасы Шымкент қаласы, Қарағанды, Қостанай облыстарында қолға алынып, жалпы саны 190 мыңға жуық адамды қамтыды. Осыған байланысты кітап қорын одан әрі байыту және жобаны әрі қарай жалғастыру жоспарланып отыр.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #кітап #жеңімпаз #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz