RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында түлектер ұлттық бірыңғай тестілеуден 140 балл жинады

23.05.2026, 10:12 18

Жамбыл облысында қос бірдей ауыл баласы ұлттық бірыңғай тестілеуден ең жоғары нәтиже көрсетті.

Олар бірдей бейіндік пәнді таңдап, максималды 140 балл жинаған. Білім додасындағы бұл жетістігі үшін түлектердің бірі пәтерге ие болды. Оқушылар әр ауылдан болғанымен бірдей мамандық таңдаған. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу сынында оза шапқан оқушының бірі – Нұрқанат Қанат. Талантты жеткіншек 6 сыныпқа дейін Меркі ауданында оқып, кейін Дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицейге түскен. Жас түлек  мүмкін болған 140 балдың барлығын жинап, ең үздік нәтиже көрсетті. «Бұл 4 жыл қатарынан білім олимпиадалары мен түрлі жарыстардағы тәжірибенің арқасынде келген – нәтиже», - дейді Нұрқанат. Ал білімпаз өренге бағындырған белесі үшін, жеке оқу орталығы 50 млн теңгенің пәтерін сыйға берді.

Нұрғанат Қанат, мектеп түлегі:

- Білім сенен тартып алынбайтын жалғыз нәрсе. Сенде білім бар және сен оны кез келген жерде көрсете аласың. Сонымен қатар оны сенен ешкім тартып ала алмайды. Дәл осы білім алып, ғылым игергенің үшін дәл осындай құнды дүниелер сыйланып жатса, есімің елге жайылып жатса, одан асқан бақыт жоқ қой деп ойлаймын. Бағытым бар. Ол халықаралық қатынастар өкілі атану. Дипломатия саласы. Дәл осы салада Қазақстанның абыройын халықаралық геосаяси аренада көтеру және де абыроймен ұстау менің мақсатым.

Дәл осындай ең жоғары балды Тұрар Рысқұлов ауданы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектеп оқушысы Назерке Сәрсенбай да алды. Ол соңғы бір жарым жыл бойы халықаралық емтихандар мен IELTS, Іtest секілді тестілеумен дайындалған. Тыңғылықты дайындықтың нәтижесінде осындай нәтижеге қол жеткізген. 

 Назерке Сәрсенбай, түлек:

- Білім жерді таңдамайды деп ойлаймын. Ауылдан болсын, қаладан болсын қай жерден болса да оқушының талабына байланысты. Егер оқимын деген бала болатын болса, мен секілді ауылдан шықса да осындай 140 бал иегері атана алады. Себебі ол жақта да білікті мұғалімдер жұмыс істейді ғой. Өзімнің мектебіме, мұғалімдеріме алғысым шексіз.

Биыл Жамбыл облысындағы 451 мектепті 14 мың оқушы тәмамдайды. Оның 11 мыңнан астамы ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш берген. Алғашқы нәтижелердің өзі жоғары көрсеткіштерді көрсетіп отыр.

Айдын Досыбаева, облыстық Білім басқармасының бөлім басшысы:

- Биылғы оқу жылында 245 мыңнан аса оқушы мектеп бітіргелі отыр. Мектеп бітіруші түлектердің арасында 670 оқушы алтын белгіге үміткер. Сонымен қатар 1181 оқушы үздік аттестатқа үміткер болып отыр.

Жалпы Жамбыл облысының оқушылары республикалық және халықаралық білім бәйгелерінде тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Биыл өңір құрамасы республикалық ғылыми жобалар жарысында 17-жыл қатарынан үздік команда атанды. Сондай-ақ республикалық олимпиадалар қорытындысында да көш басынан көрінді.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz