RU
Толық нұсқаға өту

Бельгиялықтар Қазақстан туралы не дейді?

23.05.2026, 10:56 32

Қазақстан бельгиялықтардың көзімен. Ұлы дала еліне сапарлаған саяхатшылар Брюссельде бас қосып, алған әсерлерімен бөлісті. 

Араларында велосипедші қарт турист, еуропалық журналдың бас редакторы және сала сарапшылары бар. 

Ғалымжан Қараманұлы, тілші:

- Үш дөңгелекті велосипед төбесіндегі күн панельдері арқылы қуат алады. Клод Бруир дәл осы көлік құралына мініп, Бельгиядан Қытайға дейін барған. Жолай Қазақстанды да аралаған. Жалпы 12 мың шақырымды бағындарған.

63 жастағы саяхатшы Ертіс өзенінің бойымен жүріп өтіп, Павлодар мен Семейде болған. Оны кең байтақ еліміз ерекше таң қалдырыпты. Одан кейін Бруир Алматыда 1 апта тұрақтап, қала саябақтарын, таулары мен көлдерін тамашалаған. Сапарының мақсаты өзі сияқты қатерлі ісікпен күресіп жүргендерге қолдау көрсету және олардың өмір сүруге деген құлшынысын арттыру. Тағы бір ниеті – қоғамды экологиялық таза көлік пайдалануға шақыру. Клод Қазақстанда, әсіресе жергілікті тұрғындардың қонақжайлығына тәнті болыпты.

Клод Бруир, саяхатшы:

- Жол бойында мені күніне 15 рет тоқтататын. Халық ас-су беріп, тіпті қаржылай көмек ұсынумен болды. Бастапқыда ақшаларын алмадым. Алайда кейін бас тарту әбестік деп шештім. Еуроны теңгеге бірде бір рет айырбастаған жоқпын. Қонақ үй мен тамақтың ақысын қазақ бауырлар берген ақшамен төледім. Олар бай болмағанымен, жомарттық танытты.

Бельгиядағы Қазақстан елшілігінің ауласында тігілген киіз үйдің іші бұл күні саяхат туралы еркін әңгіме алаңына айналды. «Шаңырақ астындағы диалогқа» Еуроодақ институттарының өкілдері, туризм саласының мамандары, бұқаралық ақпарат құралдары және еліміздің жанашырлары қатысты. Олар Қазақстаннан алған әсерлерімен және бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті.

Свен Гуайо, Porchist журналының бас редакторы:

- Бұл керемет тәжірибе болды. Біз сапарымыз туралы журналымыздың арнайы санын шығардық. Қазақстанның естен кетпес табиғаты ерекше әсер қалдырды. Мен бұл саяхатты тағы бір рет қайталар едім. Біз шамамен 2000 шақырым жол жүрдік. Алматыдан Астанаға және Бурабайға дейін бардық. Қашықтық өте үлкен болғанымен еш өкінген жоқпыз.

Қазақстанда түсірілген танымал Pékin Express телешоуының кадр сыртындағы оқиғалары да көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл бағдарлама

француз тілді телеарналардағы ең танымал туристік форматтардың бірі. Жоба қатысушыларының айтуынша, еуропалық түсірілім тобын Қазақстандағы заманауи қалалар, табиғат көріністері және адамдардың жылы қарым-қатынасы тамсандырған.

Инга Чумакова, Pekin Express тележобасының продюсері:

- Жоба алғаш рет қыста, 15 градус аязда түсірілді. Халықаралық команда үшін бұл өте үлкен сынақ болды. Кейбірі қардың өзін алғаш рет көрген. Әсіресе Астана ұнады. Мұз ойығына секіру сынағы есте қалды. Қазақстан көпшілік ойлағаннан әлдеқайда көп қырлы мемлекет. Елде шағын ауылдар да, жайлы қалалар да, заманауи мегаполистер де бар.

Қатысушылар Астанада өткен Алтын Орда мұрасына арналған халықаралық симпозиум туралы да сөз қозғады. Жиналғандардың пайымдауынша, мұндай бастамалар Еуропаның Қазақстанға деген қызығушылығын арттырады. Сондай-ақ елді заманауи туристік, мәдени және интеллектуалдық бағыт ретінде танытуға сеп болмақ. 

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz