Батысқазақстандық шопандар AUYL INVEST FEST фестивалінде бас қосты. Жиында қой шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері, қазіргі жай-күйі мен келешегі талқыланды.
Жауапты мекеме басшылары тері мен жүнді өңдеу, мал тұқымын асылдандыру, осы салаға инвестиция тартуға қатысты көпшіліктің көкейіндегі сауалына жауап берді. Фестивальге Моңғолия, Қытай, Ресей өкілдері де қатысты.
Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір. Өрісі мен қонысы келіссе, жатып қалған бір тоқтының жайылып мың қой боларын аталарымыз әлдеқашан айтып кеткен. Өткен ғасырдың 80 жылдары өңірде 2 жарым миллиондай қой болса, қазір оның саны екі есе кеміді. Алдағы жоспар - қой басын қайта көбейту, тек өсіріп қоймай, оның тұқымын асылдандыру, тері мен жүнді терең өңдеу. Екінші рет өткізілген фестивальде осы мақсатқа жету жолдары талқыланды.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Халықаралық форум болғандықтан әр елден қой шаруашылығымен айналысып жүрген шаруашылықтарды осылай шақыртып, айтып жатырмыз. Мемлекет қазір мал шаруашылығына үлкен қолдау көрсетіп отыр. Осының аясында біз шаруашылықтардың алдына да осындай жаңа талаптарды қойып жатырмыз. Яғни біз бұрынғыдай санына қарап отыра бермей, енді санынан сапасына көшеміз.
Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын экономиканың стратегиялық маңызды саласы ретінде белгілегені мәлім. Бүгінгі «Ауыл фест» шарасын облыс әкімдігі мен «Ауыл» партиясы ұйымдастырды.
Серік Егізбаев, «Ауыл» партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты:
- Былтырғы фестивальдің нәтижесінде Ақжайық өңіріне 4 млдр-тан астам инвестиция келіп, қой шаруашылығына құйылған екен. Басқа өңірлерде де қызығушылық білдіріп, дамып жатыр. Қой шаруашылығын дамытамыз. Бірақ та оларға жаңа технологиялар қайдан, жаңа жұмыс тәсілдері қайдан болады дегенде, мысалы осындай инвестициялық форматтардың аясында көздеп отырмыз.
Фестиваль барысында еңбек адамдары марапатталып, қой етінен жасалған тағамдар мен қой терісінен тігілген киімдердің көрмесі ұйымдастырылды.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #БҚО #мал шаруашылығы #жарнамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz