Ақтауда күнделікті кітап оқуды әдетке айналдырған жанұя тұрады.
Маржан Әбілдақызы балаларымен бірге тәуліктің белгілі бір уақытын көркем әдебиет, ертегі оқуға арнап жүр. Соның нәтижесінде ол мектеп жасындағы перзенттерінің білімге ынтасы артып әрі сабақ үлгірімі жақсарғанын байқапты.
- Айару, сен мына кітаптан не түсініп отырсың? Әлихан қандай бала екен? - Ол өте жақсы, ақылды бала екен. Барлығын білгісі келеді.
Маржан Әбілдақызы төрт перзент тәрбиелеп отыр. Екеуі мектеп жасындағы бала. Оқушы қыздарының смартфонға көп қарайтынын байқаған ана кітап оқуға ынталандырудың жолын іздеген.
Маржан Әбілдақызы, қала тұрғыны:
- Біз ұялы телефон қарамаймыз, 10 күн демалыста 10 кітап оқимыз деп ультиматум қойдым. Содан кітапханаға ертіп барып, біз 13 кітапты жаздыртып алып келдік. Бір күнде осындай ертегі кітаптардың біреуін оқып, бітіріп отырды. Сабаққа да ынтасы артты. Енді біздер әр каникулда кітап оқимыз деп шештік.
Балаларының кітапқа қызығушылығын оятқан Маржан қазір әлеуметтік желіде блог жүргізеді. Ғаламтор қолданушыларды перзент тәрбиесіне, әсіресе күнделікті сабаққа әзірлігіне көмектесуге үндейді. Бір қуантарлығы, ұстаздар қауымының дәріс кезінде оқушыларды көркем әдебиет оқуға шақыруы соңғы кезде үрдіске айналып келеді.
- Кітап адамның өмірі. Оқыған адам мәдениетті болады, оқыған адам өмірде өз жолын табады.
Қазір қала мектептерінде арнайы «Кітап бұрышы» жасақталып жатыр. Оқушылар мен ата-аналары өзі оқыған оқулықты білім ұясына арнайы әкеліп тапсырады. Осы жерде балалардың ғылымға ізденісін, дүниетанымын арттыруға бағытталған әдеби шаралар өтеді.
Әлқуат Қазиев, мұғалім:
- Бізден қазіргі балалар сұрайды мотивация қандай деп. Мотивация - ол өзінің дұрыс жолы, қоғамда мәдениетті болуы. Мәдениетті адам барлығына сүйкімді. Ата ретінде, әке ретінде бір күнді кітапқа бөлеміз үй ішімізбен. Үйдегі кітапханамыздан кітап оқып, бір-бірімізге оқығанымызды түсіндіруге тырысамыз.
Айбаршын Өтесбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Талдау жасап отырмыз. Соңғы үш жылда қала мектептерінің кітапхана қоры 35 мың дана әдеби кітаппен толықтырылған. Сонымен бірге кітапханашылардың ұйымдастыруымен пән мұғалімдерімен бірлесе әдеби кітаптардың көрмесі, бірнеше рет әдеби «10 күндіктер» өткізілді. Осының өзі де біздің балалардың кітапқа деген құштарлығын, кітап оқуға деген үлкен мақсатын көрсетіп отыр.
Таяуда Ақтауда өңірлік білім семинары өтті. Жиында мұғалімдер кітапты оқушыға тәрбие құралы ретінде қолдану жөнінде өз тәжірибесімен бөлісті. Танымдық кездесуге мектептер мен колледждердің кітапханашылары да атсалысты. Қатысушылар интеллектуалды ойында бағын сынап, өскелең ұрпаққа көркем әдебиетті насихаттау бойынша ой-ұсынысын ортаға салды.
Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #Ақтау #кітап оқу #жанұя #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz