RU
Толық нұсқаға өту

БҚО-да 853 адам ит-мысыққа таланған

24.05.2026, 17:12 22

Батыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 853 адам ит-мысыққа таланып, дәрігердің жәрдеміне жүгінді. Оның 257-сі балалар. 

Әсіресе облыс орталығы Оралда бұралқы иттердің көптігінен елдің мазасы қашып тұр.

Назгүл Сандыбаева 10-ықшам ауданында тұрады. Айтуынша, жақында ойнауға шыққан 5 жасар баласына аулада 7 ит шапқан. Бейкүнә бөбектің аяқ қолын тістелеп тастаған. «Көршілерім көріп, айырып алмағанда не боларын ойлауға да қорқамын», – дейді ол. Қазір баласы ауруханада.

Назгүл Сандыбаева, қала тұрғыны:

- Қаланың қақ ортасында тұрып, осылай баламызды жем қылып қойып отырмыз. Өте өкінішті. Ол нәрсе көптеген адамдардың басына келуі мүмкін. Менің балам – осы ауладағы ит қапқан алтыншы бала. Оған дейінгі ата-аналар да арыз жазған болатын. Олар да 109 нөміріне хабарлама жазған болатын. Десе де ешқандай өзгеріс жоқ дейді. 

Бұралқы ит-мысықтардың мәселесімен бұрын облыстық ветеринария басқармасы айналысып келсе, биылдан бастап ол міндет қалалық әкімдікке жүктелді. Онсыз да қиюы қашқан тірлік енді тіпті тұралаған. Былтыр шаһарда 2795 ит-мысық ауланып, 1511-і кері жіберілген. Қалғаны тұрғындар өтініші негізінде өлтірілген. Ал биыл ит аулауға жарияланған тендер тек көктемде өткен. Сәуірден бері небәрі 283 ит ауланып, барлығын да биозарарсыздандырудан кейін қоя берген.

Нұрлыбек Мұханбетқалиев, қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бұл гумандық тәсіл деп аталады. Арнайы торлардың көмегімен жануарларға ешқандай зиян келтірмей аулау жұмыстары жүргізіледі. Осы әдіс арқылы күніне шамамен 10-15 бұралқы жануар ауланады. Бұл — өте аз көрсеткіш. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, иттер ауланып, арнайы күту орталығына жеткізіледі. Ол жерде жануарларға стерилизация, вакцинация және идентификация жүргізіліп, бірыңғай тіркеу базасына енгізіледі. 

Мамандардың мәлімдеуінше, зертханада иттерден қан алынады. Сынама нәтижесі жануардың жазылмайтын жұқпалы індетке шалдыққанын айғақтағанда ғана өлтіріледі. Ал қалған жағдайда бұралқы хайуандар қайтадан көшеге жіберіледі. Оларды аулау да оңай емес. Атуға рұқсат етілмегендіктен мамандар торды ұстап, иттің соңынан шақырымдап шабады. Ит аулаушылардың әр адымын аңдып, айқай шығаруға дайын отыратындар да бар.

Ермұрат Хайретдинов, ит аулаушы мекеме өкілі:

- Күн сайын осындай қиындықтар туып жатыр. Жаңағы жігіттерге, бригада жігіттеріне кішкене кедергі жасатып, неше түрлі сөздер айтылып жатыр. Енді моральді түрде жігіттерге кішкене қиындау және де ол жұмыс оңай емес деп айтамыз. Ол бұралқы иттерді заң бойынша біздер тек тормен ұстай аламыз. 

Заңдағы кемшіліктер мен ит асыраушылардың жауапсыздығынан соңғы жылдары бұралқы иттердің мәселесі қоғамды толғандыра бастады. Жуырда Мемлекет басшысы қол қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңдағы өзгерістер де осы мәселенің түйінін тарқатуды көздейді. Енді өңірлер өздігінен шешім қабылдай алады.

Мұхтар Өтесов, қоғам белсендісі:

- Қазір халық бұралқы иттерді алып кетуді сұрап отыр. Алайда тендерге қатысатын кәсіпорындар жоқ, себебі бұл жұмысқа бөлінетін қаржы аз. Әкімдік ұсынған ресми телефон нөміріне таңғы сағат 9:00-ден кешкі 18:00-ге дейін 361 қоңырау түскен. Соның салдарынан телефон істен шыққан. Бұл — Орал қаласында бұралқы иттердің көбейіп кеткенін көрсетеді. Халық әбден зәрезап болды. Сондықтан облыстық мәслихат бұл мәселеге жеткілікті қаржы бөліп, түйткілді түбегейлі шешуі керек.

Жыл басынан бері өңірде 853 адам ит-мысықтан зардап шегіп, дәрігерлер жәрдеміне жүгінді. Былтырыдң дәл осы кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 94 оқиғаға артқан. 

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz