Біріккен Араб Әмірліктері Қазақстанның энергетика, логистика және цифрлық технология салаларына белсенді қаржы құйып келеді.
Өйткені бұл ел Орталық Азияның басты инвестициялық хабына айналған. Әмірлікке танымал «Gulf News» газеті тақауда осы мазмұнда кең көлемді мақала жариялады. Беделді басылым еліміздің іргелі бастамалары мен әлеуетті жобаларына арнайы тоқталған. Әрі инвесторлар мен бизнес қауымдастыққа қажетті салмақты сараптама жасаған.
Бұл – «Gulf News» газетінің бірер апта бұрын мыңдаған данамен жарық көріп, кең таралған нөмірі. Бас-аяғы 12 бет. Тұтастай еліміздегі жүйелі өзгерістер мен қазақ-әмірлік қатынасының қазіргі жай-күйін сипаттайды. Мазмұнды ой, салмақты сұхбатпен толыққан. Басылым ең әуелі ауқымды цифрлық трансформация үдерісінің Қазақстан экономикасын түрлендіріп, инвестициялық тартымдылықты арттырғанын атап өткен. Осы істің нақты нәтижесі ретінде жалпы ішкі өнім өсімі көрсетілген.
«Gulf News» 30 сәуір, 2026 жыл:
- Қазақстан дәстүрлі экономикалық артықшылықтарын технологиямен ұштастырып, Орталық Азиядағы сауда және логистикалық хаб ретіндегі рөлін нығайта түсті. Өңірдегі ең ірі экономика 2025 жылы өнеркәсіп, көлік және құрылыс салаларының дамуы есебінен 6,5 пайыздық өсімге қол жеткізді. Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылғалы бері ел сыртқы сауда көлемін 76-дан 142 млрд долларға дейін жеткізіп, нарық мүмкіндіктерінің кеңейтті.
Мақала авторлары цифрландыруға қатысты Қазақстан қолға алған бастамаларды мұқият зерделеп шыққан. Әсіресе арнайы министрлік пен суперкомпьютер кластерінің құрылуына ерекше назар аударды. Сондай-ақ әмірліктің Presight AI және AIQ компанияларымен орнаған сенімді серіктестікке тоқталды. Өйткені осы арқылы екі жақ тиімді әріптестікке жол ашып отыр. Астана мен Абу Даби бүгінде энергетика, логистика ғана емес, жасанды интеллект және цифрлық технология бағытында бірлесе жұмыс істей бастады.
Деннис Джол, БАӘ жасанды интеллект компаниясының басшысы:
- Біріккен Араб Әмірліктері мен Қазақстан билігінің цифрлық экономикаға келгенде көзқарасы ортақ. Бұған қос тарап үлкен сеніммен қарайды. Айталық жасанды интеллектінің энергетика жүйелерінде қолданылуы мүмкін екеніне нақты көз жеткізілді. Осы арқылы өндірістік шығындарды айтарлықтай азайтуға болады. Жобамыз әмірлікте сәтті сыналды. Енді Қазақстанның мұнай өндіруші ұлттық компаниясымен бірлескен жұмыс бастадық. Мұны мен энергия, инновация және жасанды интеллект тоғысында тұрған аса маңызды бастама дер едім.
Ерекшелігі сол, еліміз деректерді өңдеу мен есептеу жүйелеріне арналған жаһандық хаб болуды көздейді. Сол себепті үкімет әлемдік тәжірибелерді көптеп енгізіп, ел азаматтарын кең жолақты интернет және сапалы біліммен қамтуға күш салып жатыр. Ал Қытай, АҚШ және Біріккен Араб Әмірліктерінің бұл салада әлеуеті мол. Араб жерінде ірі дата орталықтар іске қосылған. Жергілікті мамандар жасанды интеллектіні болашақтың мұнайы ретінде сипаттап, озық шешімдер ұсынуға көшті. Мұны біздің елдің стратегиялық мақсат-міндеттерімен үндес деуге келеді.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Қазақстан цифрлық инфрақұрылым қалыптастыруға көп инвестиция салды. Барлық ауылдық аймаққа оптикалық сым тартылып, сапалы интернет жеткізу ісі қарқын алды. Ғаламдық спутниктік желіге қосылу жағы ойластырылған. Супер компьютер кластерін іске қостық. Ол өңірде теңдессіз. Бұл өте маңызды іс. Цифрлық салада тәуелсіздікке қол жеткізетін шаруа. Сол арқылы жасанды интеллект үлгілерін сынақтан өткізе аламыз. Адам капиталын дамыту деген тағы бір бағыт бар. Оған білікті мамандарды тарттық. Осының бәрін халықаралық серіктестерсіз істеу мүмкін емес. Сондықтан біз олармен бірлесіп жұмыс істейміз.
Жалпы әмірліктер жасанды интеллект саласындағы әлемдік компаниялар мен тың тәжірибе тоғысқан алаң болса, Қазақстан – Орталық Азиядағы басты инвестициялық һәм технологиялық хаб. «Gulf news» өкілдері осыған да айрықша маңыз берген. Тараптар арасында жасалған маңызды мәмілелерді жеке-жеке талдап, жіті таразылай өтеді.
Рауан Мыңбай, тілші:
- Бұл бір есептен араб инвесторларына аса маңызды. Өйткені олар кейінгі жылдары Қазақстан экономикасына белсенді қаржы сала бастады. Екіжақты қатынастарды одан әрі ілгерілетуге бейіл. Бұның барлығы газет беттерінде кең көрініс тауып, негізгі ерекшеліктері ескерілді. Әрі еліміздің айти және жоғары технологиялық тұрғыдағы жетістіктері баяндалды.
Авторы: Рауан Мыңбай
Тегтер #БАӘ #«Gulf News» #мақала #цифрлық технология #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz