RU
Толық нұсқаға өту

Ақтауда «Munaily Marathon – 2026» қайырымдылық шарасы өтті

24.05.2026, 21:41 36

Бүгін Ақтау жағажайында қайырымдылық шара өтті. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы жыл сайын өткізетін «Munaily Marathon»-ға биыл мың адам қатысты. 

Тең жартысы «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қызметкерлері болса, қалғаны тұрғындар мен туристер. Салауатты өмір салтын ұстануға үндейтін шарадан түскен қаржы ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалтуға жұмсалады. 

2024 жылдан бастап жүгіру марафонын өткізу арқылы «ҚазМұнайГаз» оңалту орталықтарында емделуші балаларға көмек қолын созып келеді. «Munaily Marathon» ережесіне сәйкес қатысушылар 5 және 10 шақырым қашықтықты жүгірді. Басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің айтуынша, ұлттық компания Мемлекет басшысының маңызды бастамалары аясында осындай ауқымды қайырымдылық шараларды тұрақты түрде өткізеді.

Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

- Бұл – жай марафон емес. «ҚазМұнайГаз»-дың өзінің әлеуметтік жауапкершілігі. Көбісі тіркеуге түспей қалды. Біз оны келесі жылы ескеріп, одан да көп орындарды белгілейтін боламыз. Үшінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Қазақстанның әр қаласынан келе жатыр. Ауызбіршілікке осындай шаралар көмектеседі. 

Дәстүрлі марафонға қатысу үшін тіркеу жарнасын төлеу қажет. Биыл жиналған қаржы Жаңаөзендегі «Балақай» оңалту орталығының қажеттілігіне жұмсалатын болды. 

Жанаман Бақтөреев, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкері:

- Бірінші марафоным. Оған дейінгі де спорттық шараларға белсене атсалысамын. Сол себепті аса қиындыққа соққан жоқ. Дәл осындай қайырымдылық шараларға баршаңызды қатысуға шақырамын. 

Қайырымдылық марафон жеңімпаздары жарыс Кубогы, медаль және естелік сыйлықпен марапатталды. Айта кетсек, «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасына «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы жыл сайын белсене қатысады. Бұған қоса, әлеуметтік жауапкершілікті терең сезінген компания ретінде өз қызметін жүргізетін аймақтарда білім, медицина, спорттық әрі мәдени нысандар құрылысы секілді ауқымды істерді атқарып жүр. 

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz