RU
Толық нұсқаға өту

Елордада 1 млн-нан аса гүл егіледі

25.05.2026, 07:00 34

«Гүл өссе, жердің көркі» деген. Биыл елорда саябақтары мен көшелеріне 1 млн-нан астам гүл егіледі. Қазір қаладағы жылыжайларда қауырт жұмыс жүріп жатыр.

Мұнда біржылдық гүлдермен қатар, көпжылдық сәндік көшеттерді көбейтуге күш салынып отыр.

Елордадағы жылыжайда қыс аяқталмай жатып жұмыс қызады. Кәсіпорында 20-ға жуық гүл түрі өсіріледі. Мамандар әр өскінді ерекше күтімге алып, балаша мәпелейді. Бұлардың басым бөлігі – біржылдық гүлдер.

Аружан Серікбаева, бағбан:

- Біз оларды ақпан айынан бастап өсіреміз. 19-23 градусты ұстап тұрамыз. Өйткені олар үсіп қалуы мүмкін. Сондықтан да бір температураны тұрақты ұстаймыз. Сосын мамыр айында бізге қалаға көп болып келеді.

Жылыжай биылға 1,5 млн гүл өсіруге тиіс. Қазір қала көшелері мен саябақтарда көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Егілген гүл тамыр жайып кеткенше бағбандар тыным таппайды. 

Амангелді Текен, бағбан:

- Осы гүлімізді еккеннен кейін жақсылап суарамыз. Арасында арам шөп болады. Арам шөбін тереміз. Барлығы өзіміздің Астана үшін ғой. Астанаға қонақтар келгенде жақсы, жайнап тұруы керек қой.

Елордада ірілі-ұсақты жүзден астам саябақ пен сквер бар. Соларда өсіп тұрған гүлдер – осындай еңбектің жемісі. «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде шаһардағы жасыл желек алдағы уақытта мейлінше молая түседі. Оның ішінде көпжылдық гүлдер де көп.

Жалпы биыл қалада 1 млн-нан аса гүл егу көзделген. Бұдан бөлек, 173 қоғамдық орынды жаңғыртып, тұрғындарға жайлы демалыс нысандарын көбейту жоспары бар.

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Асхат Қарақойшиев және Мұрат Әріпханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz