RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында инсульт алғандар көбейіп барады

25.05.2026, 08:00 30

Соңғы үш айдың өзінде 600-ге жуық адамның мидағы қан айналымы бұзылған.

Науқастың өмірін сақтап қалу үшін дер кезінде жедел жәрдем көмегіне жүгіну керек,- дейді дәрігерлер.

48 жастағы Анна Хабибуллинаның екі апта бұрын басы айналып, беті мен қолы жансыздана бастаған. Жақындары бірден жедел жәрдем шақырып, оны ауруханаға жеткізген. Тексерулерден кейін оның инсульт алғаны белгілі болды. Қазір ол жағдайы жақсарып, оңалтудан өтіп жатыр.

Анна Хабибуллина-Жүкенова, қала тұрғыны:

- Білікті дәрігерлердің арқасында үшінші күні қолым қимылдай бастады. Қазір оңалтудан өтіп жатырмын. Емдік жаттығуларға қатысамын. Электрофорез қабылдап, біртіндеп қалпыма келіп жатырмын. Қан қысымым да тұрақталды.

Бақыт Атағұлова, қала тұрғыны:

- 17-сі күні аяқ астынан қан қысымым көтеріліп, осы БСМП-ға жедел жәрдем көмегімен түстім. Келе сала емнің арқасында денсаулығым орнына келіп жатыр.

Қан тамырларының зақымдануы аяқ астынан болады. Ондай кезде дереу көмек көрсету маңызды. Сол арқылы науқастың қайта анық сөйлеп, жүріп-тұруына, бастысы мүгедектіктің алдын алуға мүмкіндік болады. Жедел медициналық жәрдем ауруханасының ең жоғары технологиямен жабдықталған операция бөлмесінде тәулігіне шамамен 30 операция жасалады.

Алтай Құлтұманов, Нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі:

- Егер инсульт қан тамырының бітелуінен болса, біз тамырдағы тромбты алып тастай аламыз. Бұл механикалық тромбоэкстракция деп аталады. Ал миға қан құйылып, инсульт алса, бас сүйекті ашып, операция жасаймыз. Ми ішіндегі және бас сүйек ішіндегі гематормаларды алып тастаймыз.

Қазір облыстағы жалғыз инсульт орталығында 56 адам ем қабылдап жатыр. Мамандар мұндай ауруға шалдыққан науқастар саны жыл сайын көбейіп бара жатқанын айтады.

Рубина Оразғалиева, Инсульт орталығының меңгерушісі:

- Мұндай жағдайда үйде жатып қалмау керек. Ауру белгісін байқаған бойда дәрігерлердің көмегіне жүгіну керек. Кейде адамдар 2-3 күн жатып қалып, ауыр хәлде келеді. Кейбірі сал болып, сөйлей алмай қалады. Ал алғашқы сағаттарда жүгінсе, ақ халаттылар оның өмірін аман алып қала алады.

Дәрігерлер инсульт кезінде әр минуттың маңызды екенін ескертеді. Аурудың незізгі белгілері – беттің қисайып кетуі, аяқ-қолдың әлсіреуі және сөйлеудің бұзылуы. Енді осының алдын алу мақсатында елімізде халықаралық білім беру жобасы жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында 5 пен 9 жас аралығындағы балаларға инсульттің алғашқы белгілерін ажыратуды және шұғыл түрде жедел жәрдем шақыруды үйретеді. Өйткені қарт адамдардың жанында көбіне балалар болады. Ал олардың мұндай кезде жедел әрекет етуі өте маңызды.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Ботакөз Дандыбаева, Мәди Базарбеков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz