ҚРІІМ Ұлттық ұланында көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 22 мамыр мен 30 маусым аралығында құқықтық тәртіп әскерінің қатарына шамамен 7 мың адамды шақыру жоспарланып отыр.
Бұл туралы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының бірінші орынбасары — Бас штаб бастығы генерал-лейтенант Қайрат Ақтановтың төрағалығымен өткен көктемгі әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру және өткізу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңесте айтылды.
Қазіргі уақытта Ұлттық ұланның шақыру және жасақтау бөлімінің офицерлері 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада жұмыс жүргізуде.
Жас сарбаздардың басым бөлігі қоғамдық тәртіпті сақтау, бұқаралық іс-шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ маңызды мемлекеттік нысандар мен қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету міндеттерін атқаратын әскери бөлімдерге жіберіледі.
Бүгінде Ұлттық ұлан әскери қызметшілері полиция қызметкерлерімен бірлесіп, еліміздің 21 қаласында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде. Күн сайын құқықтық тәртіпті сақтау қызметіне 7 мыңнан астам ұландық сарбаз жұмылдырылады, тағы шамамен 2 мың әскери қызметші маңызды мемлекеттік нысандар мен ҚАЖ мекемелерін күзетуде қызмет атқарады.
2026 жылдың басынан бері құқықтық тәртіп әскері әскери қызметшілері мыңдаған құқықбұзушылықтың жолын кесіп, есірткі заттарын заңсыз сақтау фактілерін анықтады, заңсыз айналымнан суық және атыс қаруының шамамен 30 бірлігі тәркіленді. Сонымен қатар, ұландықтардың қырағылығы мен жедел әрекеттерінің арқасында адасып кеткен балалар мен жоғалған ұялы телефондар азаматтарға қайтарылды.
Тегтер #Ұлттық ұлан #әскерге шақыру #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz