Алматы облысында 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер жазғы каникул кезінде уақытша жұмысқа орналасып, 350 мың теңгеге дейін табыс таба алады, деп хабарлайды «24KZ».
Облыс әкімдігінің мәліметінше, жастар айына орта есеппен 118 мың теңгеге дейін жалақы ала алады. Жұмысқа орналасу үшін Enbek.kz электрондық еңбек биржасына кіріп, «Менің жазғы каникулым» бөлімі арқылы тіркеліп, түйіндеме жүктеу қажет.
14–15 жастағы оқушылар үшін жүйеге ата-анасы немесе заңды өкілі тіркеледі. Бағдарлама «Қоғамдық жұмыстар» аясында Еңбек мобильдігі орталығы арқылы жүзеге асырылады.
Биыл жоба аясында шамамен 800 оқушы мен студент уақытша жұмыспен қамтылады. Оларға дүкен көмекшісі, курьер, аниматор, промоутер, кітапхана немесе лагерь қызметкерінің көмекшісі, сондай-ақ SMM маманы сияқты жеңіл әрі қауіпсіз жұмыстар ұсынылады.
Еңбек кодексіне сәйкес, 14–16 жас аралығындағы жасөспірімдер аптасына 24 сағаттан, ал 16–18 жас аралығындағы жастар 36 сағаттан артық жұмыс істей алмайды. Сонымен қатар кәмелетке толмағандарға ауыр және қауіпті жұмыстарға, түнгі ауысымға және кейбір сауда орындарында еңбек етуге тыйым салынған.
Алматы облысы Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Асыл Ваисовтың айтуынша, жұмысқа қабылдау толықтай заң аясында жүргізіледі, ал жалақы тікелей жасөспірімдердің банк картасына аударылады.
Өткен жылы бағдарлама аясында 500-ге жуық оқушы мен студент уақытша жұмыспен қамтылған.
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Алматы облысы #студенттер #еңбекPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz