Қарабалиндер әулетінің туысы Фаризат Кенжеғалиева қайғылы оқиғадан кейін балалардың болашағына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ» Kursiv Media-ға сілтеме жасап.
Марқұмның қарындасының айтуынша, қазіргі жағдайда бес баланы туыстарының бірінің толық қамқорлығына алуы оңай емес. Әр отбасының өз тұрмысы, өз балалары мен жауапкершілігі бар екенін айтқан ол бұл мәселенің сырт көзге көрінгендей жеңіл шешілмейтінін жеткізді.
«Қазір біреудің баласын біреу бақпайды. Өз балаларың өз үйіңе сыймайды. Бәрінде бала бар. Өз ойым – егер Ақбаян сау болса, көмектесер едік. Енді бір отбасыны қырып салып... Ақбаян анандай боп жатқан жерде... Мен өзім оның баласын бағамын деп айта алмаймын. Кім болса да, сөйтеді... Балалардың кінәсі жоқ... Ол осындай әрекетке барардың алдында ойлануы керек еді. Ақылмен шешу керек, ал ол ашумен шешті», – деді ол.
Туысының бұл мәлімдемесі әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсті. Оқырмандардың бір бөлігі балалардың болашағына алаңдаушылық білдіріп, оларға мемлекет тарапынан психологиялық, әлеуметтік және материалдық қолдау көрсетілуі керек екенін жазуда. Желідегі пікірлерде көпбалалы отбасының тағдырына бейжай қарамауға шақырғандар да аз емес.
Кейбір қолданушылар балаларды арнайы орталықтардың немесе қамқоршылық органдарының бақылауына беру қажет екенін айтса, енді бірі туыстарға да оңай емес екенін түсіністікпен қабылдаған. Сонымен қатар қоғамда мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алу, отбасылық жанжалдарды дер кезінде анықтау және психологиялық көмек көрсету мәселесі де көтеріліп жатыр.
Қазіргі уақытта балалардың алдағы тағдырына қатысты нақты шешім қабылданбағаны белгілі болды. Жауапты органдар жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Тегтер #Сәрсемалиев #балалары #болашағы #туыстар пікірі #24жаңалықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz