RU
Толық нұсқаға өту

Атырау облысында алыс ауылдарға ауызсу тартылып жатыр

26.05.2026, 08:19 37

Атырау облысында «Тайсойған-Миялы» магистриалды су құбырының құрылысы жалғасып жатыр.

74 шақырымға жуықтайтын құбырдан аудан орталығы Миялы селосы және 6 ауыл тұрақты ауызсу алатын болады. Құны 6 млрд теңгеден асатын жоба 2022 жылы басталған еді. Биыл мәреге жетуге тиіс. 

Құбыр бойында 12 су ұңғымасы, 2 су айдау бекеті мен 4 су жинайтын қазандық салынып жатыр. Қазір құрылыс жұмыстарының 50 пайызы аяқталған. Тайсойған құмынан шығып жатқан тіршіілк нәрін тілшіміз көріп келді.

«Тайсойған» су асты қорынан тартылған су құбыры аудан орталығы-Миялы селосын және 6 ауылдық округке тіршілік нәрін жеткізетін болады. Атырау қаласынан 300 шақырым қашықтықтағы ауылдар үшін бұл өте оңды жоба болғалы тұр. Қазір мұнда 12 ұңғыма қазылып, 22-25 метр тереңдіктен ауызсу шығып тұр. Енді осы игілікті ауылдарға жеткізу керек. Таза су арнайы су қазандықтарына жиналып құбыр арқылы ауылдарға беріледі. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Әрқайсысының сыйымдылығы 500 текше метрлік бұл қазандықтар құбыр бойындағы қысымды ұстап тұруға, сондай-ақ осы құмдағы ұңғымалар жөндеуге тұрғанда тұрақты су қорын жасақтауға арналған. 

Қазір екі су қазандығының құрылысы аяқталуға жақын. Келесі учаскеде тағы екеуі салынып жатыр. Жобаны жүзеге асыруға облыстық бюджеттен 6 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген болатын. Құрылыстың созылуына климаттық ерекшелік пен шағылдардағы қолайсыз құм көшкіні әсер етті. «Дегенмен біз межелі мерзімде жобаны аяқтаймыз», - дейді мердігер мекеме өкілі. 

Бекім Нұғыманов, құбыр құрылысының жетекшісі:

- Қазір мұнда оншақты техника жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде тасымалдау техникалары, крандар мен манипуляторлар бар. Негізінен, бұлар – жетекші техникалар. Қазіргі таңда линия бойында, скважина мен резервуар маңында 35 адам жұмыс істеп жатыр. Бұл жоба толық автоматтандырылған. Қарабаудан бері қарай электр желісі тартылып жатыр. Скважиналар сағатына шамамен 20–80 куб аралығында, кей жағдайда 120 кубқа дейін су айдайды.

«Тайсойған-Миялы» топтық су құбырының аясында Қызылқоға ауданына қарасты 6 ауылдың 13 мыңнан астам тұрғыны сапалы ауызсумен қамтылады. «Құбыр құрылысы осы күзге дейін мәреге жетуі тиіс», - дейді тапсырыс беруші тарап. 

Нұрбек Қияқбаев, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда жұмыс көлемі қарқынды, 50 пайызға орындалып отыр. Магистриалды су құбыры 73,5 км-ден тұрады. 12 скважина қазылып тұр. Су құбырының бойында 2 қойма бар. 500-500 метр кубтан. Қазір жұмысы жүріп жатыр. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында аяқталуы тиіс. «Тайсойған–Миялы» су құбыры Жангелдин, Жасқайрат ауылдық округтерін және жол бойындағы Аққора секілді елді мекендерді сумен қамтамасыз етеді.

«Тайсойған» құм шағылдарының қойнауында шамамен 3 млрд текше метр таза ауызсу қоры бар деп болжанған. Бүгінде аудан тұрғындарының тәуліктік су тұтыну көлемі 1800 текше метр шамасында. Ойыл өзенінен қоректенетін шағылдардағы су қоры жыл сайын көбейіп келеді. Демек жаңа жоба 30 жылға дейін ауданның ауызсуға деген қажеттілігін толық өтей алады. 

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz