RU
Толық нұсқаға өту

Қарағанды облысында егін егу науқаны қызу жүріп жатыр

26.05.2026, 08:36 36

Қарағанды облысында егістік жұмыстары қызу. Биыл өңірде 1 миллион 230 мың гектарға дәнді және майлы дақыл егіледі.  

Қазір 400 мың гектарға жуық алқапқа тұқым себілді. Картоп пен көкөніс егу жұмыстары да қатар жүреді. Диқандар тұқым, техникамен және арзан дизель отынымен қамтамасыз етілді. 

«Шахтёрское» шаруа қожалығында егіс науқаны бірер күнде аяқталады. Биыл алқаптарды әртараптандыруға басымдық беріліп, майлы дақылдардың үлесі  ұлғайтылды. Шаруашылықта алғаш рет күнбағыс егілді. Жалпы 32 мың гектардан астам жерге дәнді-дақыл, 6500 гектарға жуық алқапқа майлы дақылдар егілген. Зығыр мен күнбағыстан бөлек, суармалы жерлерде рапс өсіріледі.

Георгий Прокоп, шаруа қожалығының директоры:

- Біздегі егіс алқабының 70 пайызына бидай егіледі. Бұған қоса сояның бес сұрпын, бұршақтың екі түрін егіп жатырмыз. Сонымен қатар биыл алғаш рет суармалы жерге үш түрлі жүгері ектік. Алдағы уақытта климатымызға бейімін таңдап аламыз.

Шаруашылықта суармалы егіншілікті дамыту шаралары жүріп жатыр. Картоп алқаптары да ұлғайтылды. Биыл 750 гектарға картоп егілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 250 гектарға артық. Осыған байланысты өнім сақтау қоймалары кеңейтіліп жатыр. Қазір шаруашылықта жалпы сыйымдылығы 20 мың тонна болатын екі көкөніс қоймасы бар. Тағы бір 15 мың тонналық қойма салынып жатыр. 

Виталий Прокоп, шаруа қожалығы директорының орынбасары:

- Жақында біз төртінші көкөніс қоймасының құрылысын бастаймыз. Жобаның құны 4 миллиард 330 миллион теңге. Бұл заманауи тоңазытқыш және желдету жүйелерімен жабдықталған жаңа көкөніс қоймасы болады. Құрылысты 2027 жылы толық аяқтаймыз.

Руслан Нұрланұлы, тілші:

- Қарағанды облысы бойынша биыл 1 миллиард 230 мың гектар жерге егін салынады. Бұл былтырғыдан 50 мың гектарға көп. Әсіресе шаруалар майлы дақылдар мен мал азығына қажетті алқаптарды кеңейткен.

Сырым Бошпанов, Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Қазіргі науқанға 229 егіс кешені, 19 мыңға тарта трактор, 4 мыңнан астам тұқым сепкіш және қосымша 9 мыңға тарта техникалар қазір қолданылып жатыр.

Көктемгі егіс жұмыстары үшін шаруалар тұқым және бағасы жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз етілді. Бұл шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Жанар-жағар майды ашық әрі әділ бөлу мақсатында бақылау күшейтілді. Мысалы, түрлі-түсті таңбалау мен электронды есепке алу жүйесі қолданысқа енгізілді. Бұл әр жеткізілген отынды назарға алуға және мақсатсыз шығындардың алдын алуға мүмкіндік береді. 

Жалпы облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына көрсетліген мемлекеттік қолдау көлемі 7 миллиард теңгеден асқан. Егін егу науқанын осы айдың соңына дейін аяқталауы тиіс. 

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz