RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

«Қауіпсіз жол»: мыңдаған жүргізуші жауапқа тартылды

26.05.2026, 11:31 44

Қазақстанда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру мақсатында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды «24KZ».


Polisia.kz мәліметінше, рейд барысында жол апатына себеп болатын өрескел құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, мас күйінде көлік жүргізу, қарсы жолаққа шығу, жылдамдықты асыру және рөлде телефон пайдалану деректері анықталған.


Іс-шараға республика бойынша 10 мыңға жуық полиция қызметкері, көліктік бақылау органдары, мемлекеттік кірістер қызметі және қоғам өкілдері жұмылдырылды.


Жедел-профилактикалық шара барысында 40 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі тіркелген. Оның ішінде 500-ден астам жүргізуші мас күйінде көлік басқарған. Сондай-ақ 397 жүргізуші қарсы бағытқа шықса, 6 мыңнан астам адам көлік тізгінінде телефон пайдаланған. Бұдан бөлек, 4 мыңнан астам техникалық байқаудан өтпеген көлік анықталды.


Сонымен қатар заңсыз жолаушылар тасымалына да бақылау күшейтілді. Рейд кезінде заңсыз такси қызметімен айналысқан жүргізушілер анықталып, 2 мың 600-ден астам көлік арнайы тұраққа қойылған.


Оқу жылының аяқталуы мен жазғы демалыс қарсаңында балалар қауіпсіздігіне де басымдық беріліп отыр. Осыған байланысты елімізде «Абайлаңыз, балалар!» республикалық акциясы ұйымдастырылған.
Акция аясында 2 мыңнан астам мектеп тексеріліп, 1 мың 300-ден астам мектеп автобусы қаралған. Техникалық ақауы бар көліктер анықталып, жауапты тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ішкі істер министрлігі жол қозғалысына қатысушыларды жол ережесін қатаң сақтауға және қауіпсіздікке жауапкершілікпен қарауға шақырды.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz