RU
Толық нұсқаға өту

Коучтар мен психологтардың бірыңғай реестрі құрылады

26.05.2026, 15:50 39

Дипломы жоқ, бірақ берер кеңесі көп. Қазақстанда әлеуметтік желі арқылы халықты емдеп, психологиялық тренинг өткізетін жалған мамандардың қызметі заңмен реттелмек.

Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов «жалған коучтарды» қоғамға тікелей қауіп төндіреді деп есептейді. Тіпті, болашақта оларды жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тарту қарастырылып жатыр. Елде коучтар мен психологтардың бірыңғай реестрі қашан құрылады? Зардап шеккендер ақшасын қалай қайтара алады? 

Әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз, ақша табудың амалын айтатын курстардан көзіңіз сүрінеді. Екінің бірі – бизнес-коуч немесе тренер. Парақша ашып алып, табысты болудың «құпиясын» үйретеді. Өкініштісі сол, жарнамаға еріп, жиған-тергенін жалған мамандарға ұстатып жатқандар көп. Сәйкесінше сапасыз тренингтерге сын да күшейді. Мәселен, өткен жылдың алғашқы тоқсанында білім беру қызметіне 357 шағым түскен. Арызданғандар жаңа білімнің орнына, тек құрғақ мотивация алғанын айтады. Ал заң не дейді?

Аржан Садуақас, заңгер:

- Сіз төлеген соң, шарт болсын, болмасын мұндай коучтар жауапкершілікте болады. Егерде азамат тұтынушы ретінде коучқа төлем жасайды. Оның жасаған қызметі ұнамаса, сапасы төмен деп есептесе, онда ол азамат сотқа жүгінеді. Өзінің ақшасын қайтарып алуға құқылы. Қазіргі уақытта коучтармен қарым-қатынас Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңмен реттеледі және Азаматтық кодекспен реттеледі.

Елде коучтардың кәсіби стандарты бекітілді. Құжат 8 бағытты қамтиды. Онда бизнес, спорт, білім беру және өзге де салаларда тренинг жүргізетін мамандардың сипаттамасы жазылған. «Осы стандарттар негізінде «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңға түзету енгізілмек. Бұл халықты алаяқтардан қорғау үшін жасалады», - дейді халық қалаулылары. Ендігі қадам – Мәжілісте қаралып жатқан психологиялық қызмет туралы заң аясында мамандардың ортақ реестрін құру.

Динара Наумова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- «Бүгінде коучинг пен психотерапияның аражігі нақты ажыратылған. Қазір Мәжілісте қаралып жатқан психологиялық қызмет туралы заң мен кәсіби стандарт бұл мамандардың айырмашылығын нақты айқындап береді. Келесі маңызды қадам – осы мамандардың ортақ тізілімін жасау. Тұтынушылар ашық цифрлық база арқылы кез келген маманның өмірбаянын, дипломын және практикалық сағат санын тексере алады. Бұл – аталған салаға толықтай тәртіп орнатудың бастамасы.

Ортақ реестрді құру бастамасын Мәдениет және ақпарат министрлігі де қолдап отыр. Ведомство қазір үкімет деңгейінде маманның дипломына қойылатын талаптарды нақтылауды ұсынған. Министрлік желідегі жалған психологтарды Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «жалған ақпарат тарату» бабы бойынша жауапқа тартуды қарастырады.

Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:

- Бізде жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік бар, біз осы шараны басшылыққа алатын боламыз. Бұл нормалардың қажет екенін бәріміз жақсы түсініп отырмыз. Көпшілігі өздерін жоғары кәсіби маман ретінде көрсетіп, халықты сендіреді, ал жұрт ақшасын апарып береді. Қазір біз Үкіметте жаңа норманы талқылап жатырмыз. Маманның дипломына қойылатын талаптарды біршама нақтылағымыз келеді.

Жауапты ведомство бұл саланы заңмен реттеу, қоғамға төнген қауіптен сақтайды деп есептейді. Ал заңгерлер реестр жасалғанымен, стандарттан тыс әрекет еткендерге әкімшілік немесе қылмыстық жаза қолданылмаса, мәселе шешілмейтінін айтады.

Авторы: Ғазиза Мұхамеджанова

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz