Жол ережесін жиі бұзатындар куәлігінен айырылуы мүмкін. Ішкі істер министрлігі жүгенсіз жүргізушілермен күресу үшін баллдық жүйе енгізбек.
Ол қазір үш мегаполисте сыналып жатыр. Аталған тәжірибе жолдағы бейбастықты тоқтата ала ма?
Бұл жүйе бойынша әр жүргізушіге бір жылға 20 балл беру көзделген. Ал азамат ереже бұзған сайын оның қоржынындағы ұпай кеми береді. Баллдары біткендер жарты жылға жүргізуші куәлігінен айырылмақ. Бұл жүйе үш ірі қалада, яғни Астана, Алматы мен Шымкентте сыналып жатыр. Алайда Ішкі істер министрлігі алдын-ала нәтижелері туралы ақпарат беруден бас тартты. Әзірге бұл пилоттық жоба және сынақ кезінде тіркелген құқық бұзушылықтар үшін ешқандай жауапкершілік қарастырылмағанын жеткізді.
Ақтоты Боранова, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:
- Осы 20 балдық жүйені алатын жүргізушілерге қандай шара қолданылады, қалай есептелінеді, қалай әрі қарай іске асырылатыны жөнінде қазіргі таңда пилоттық жобаның аясында техникалық жұмыстар, яғни олардың іске асырылуы, олардың есептелуі бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Яғни қазіргі таңда бұл пилоттық жобаның аясында анықталған құқық бұзушылықтар, аппробациялық материалдың нітижесімен ешқандай жүргізушіге ешқандай жауапкершілік қарастырылмайды. Себебі бұл пилоттық жобаның нәтижесінен кейін, заңнамалық өзгерістер енгізілгеннен кейін, бұл пилоттық жоба өзінің дұрыс нәтижесін берген жағдайда ғана, яғни алгоритм іске асыру механизмі белгілі болғанан кейін ғана қолданылады.
Иә, бұл автоматты жүйе жүгенсіз жүргізушілердің жолын кесуге көмектеседі. Алайда жаппай жазалау болмайды дейді автосарапшы Алексей Алексеев.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
- Қатардағы жүргізушілерге төнетін қауіп жоқ. Себебі біз жылына көп болса 2-3 рет байқамай ереже бұзуымыз мүмкін. Бірақ оның өзі әдейі емес. Бұл тұрақты түрде заң бұзатындарды ауыздықтауға арналған. Себебі олар қоғамға қауіпті. Қазір елімізде күн сайын орта есеппен 6 адам жол апатынан көз жұмады. Бұл сұмдық статистиканы тоқтату үшін осындай шаралар қабылдамаса болмайды. Баллдық жүйе әлемде өзінің тиімділігін дәлелдеген әдіс. Сондықтан біздегі заңбұзушыларды азайтады деп сенемін.
Жалпы елімізде жол ережелерін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілердің көптігі жасырын емес. Өткен айда осы мәселе Сенатта да көтерілді. Депутат Марат Қожаев қолданыстағы жүйенің тиімсіздігін алға тартып, қалталылар айыппұлды шыбын шаққан құрлы көрмейтінін айтқан. Оның сөзінше, осылайша байлар жолда еркінсу құқығын сатып алып отыр. Сондықтан, қоғамға қауіпті жүргізушілерді жол қозғалысынан алыстату керек, - деді ол.
Марат Қожаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
- Жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзуға қатысты жауапкершіліктің үдемелі моделіне негізделген кешенді әрекет ету жүйесін қалыптастыру қажет деп санаймыз. Мұндай модель төмендегі тетіктерді қамтуы тиіс. Мәселен, айыппұлды қысқартылған тәртіппен төлеу мүмкіндігін алып тастау, жол қозғалысы ережелері бойынша білімін қайта тексеруден өткенге дейін көлік жүргізу құқығын шектеу, жол қозғалысы ережелерін қайталап бұзған жағдайда көлік жүргізу құқығынан неғұрлым ұзақ мерзімге айыру, жол қозғалысы ережелерін ашық түрде қауіпті әрі өрескел бұзу жағдайларында әкімшілік қамауды қолдану және азаматтардың өмірі мен денсаулығына ауыр зардап келтірілген жағдайда қылмыстық жауапкершілікті күшейту.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл сауалға жаңа жоғарыда айтылған пилоттық жоба енгізіліп жатқанын, және жүргізушілердің жауапкершілігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүріп жатқанын жеткізді. Атап айтқанда, пилоттық жоба қорытындысы бойынша жүйелі құқық бұзушыларға ықпал ету шарасы ретінде психологиялық бағалауды енгізу мәселесі де қаралып жатыр. Сонымен қатар, құзырлы органдарға облыстық маңызы бар және елді мекендердегі жолдарда орташа жылдамдықты автоматты түрде өлшейтін жүйелерді орнату мәселесін пысықтау тапсырылған. Бұл да жолдағы қауіпсіздікті арттыруға сеп болмақ. Дегенмен сарапшы жол қауіпсіздігіне жауапты арнайы орган болмаса, жүргізушілерді тәртіпке салу мүмкін емес деген пікірде.
Алексей Алексеев, автосарапшы:
- Жүргізуші куәлігі болмаса да көлік рөліне отырғандардың мүлкін тәркілейтін заң қажет деп санаймын. Яғни жүргізуші куәлігі жоқ адам мінген көлік мемлекет меншігіне өтуі немесе жарты жыл ақылы айыппұл тұрағына қойылуы керек. Себебі, көлік басқаруға құқы жоқ бола тұра рөлге отырған адам ешқандай ережеге бағынбай тұр. Олар жазаланбаса заң бұзуын тоқтатпайды. Ондай фактілерді бұрын жол полициясы анықтайтын. Қазір ол орган жабылып, құзіреті әкімшілік полицияға берілді. Ал олардың бәрін бақылауға мүмкіндігі жоқ. Сондықтан да тек жол-көлік қозғалысын қадағалайтын арнайы орган керек деп санаймын.
Сонымен қатар жол ережесін бұзбайтын, тәртіпті жүргізушілерге көтермелеу шараларын қолдану да артық етпейді дейді мамандар. Германияда осыған ұқсас жүйе жұмыс істеп тұр. Онда ұқыпты жүргізушілердің жалпы ұпайы жыл санап көбейіп отырады.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #жол ережесі #Заң мен тәртіпPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz