Елімізде мейірбике өкілеттігі кеңейіп, дәрігер қабылдауын күту уақыты қысқарды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Ведомствоның мәліметінше, жалпы практика дәрігерлерінің жоспарлы қабылдауын күту мерзімі 7 күннен 2–3 күнге дейін азайды. Сонымен қатар, халықты алғашқы медициналық көмекпен қамту деңгейі 60-тан 80%-ға артқан.
Мейірбикелердің қызмет көрсету өкілеттігі артып, дәрігерлердің жүктемесі азайды. Әрі дәрігерге кезек күтіп уақытты зая кетірмейсіз. Бастапқы көмек, дәрілік заттарға нұсқама мен бейінді маманға жолдаманы медбикеге жүгініп-ақ ала аласыз. Бұл ауруы жанына батқан жандарды дәрігер қарамайды деген сөз емес. Білікті маманның қабылдауына жедел келе аласыз. Осы тұста, дербес мейіргерлік қабылдау дәрігерді алмастырмайтынын айта кеткен жөн. Жауапты министрлік мейірбикелердің барлығы бірдей емделушілерді қабылдай алмайтынына жеткізді. Яғни олардың медициналық білімі бакалавр деңгейінен төмен емес және тиісті жұмыс тәжірибесі болуы шарт.
Әсел Хасенова, ҚР ДСМ ҰҒДО Денсаулық сақтау технологияларын бағалау және енгізу департаментінің директоры:
- Мейірбикелер ең әуелі дәрігердің бақылауындағы емделушілерді қабылдайды. Яғни созылмалы ауруы бар науқастарға дәрігер тағайындаған нұсқамалар арқылы жұмыс істейді. Себебі мұндай емделушілердің нақты емдеу және бақылау жоспары алдын ала дәрігермен бекітіледі.
Жанат Ақшалова 30 жылдық кәсіби өтілі бар мейірбике. Қызметін учаскелік мейірбикеліктен бастаған ол қазір нейрохирургия орталығының аға мейіргері. 2023 жылы академиялық бакалавриат қорғап, білімін жетілдіріп алған.
Жанат Ақшалова, Нейрохирургия орталығының аға мейіргері:
- Біздің дәрігерлер ұзақ уақыт операцияда болады. Бөлімшеде мейіргерлер болады. Сол себептен дәрігерлік тағайындауын ауырсынуды дәрігердің жазуып кетуі бойынша мейіргер өзі нақтылап тағайындау емдерін жасап отырады. Мейіргерлер қазір тек орындаушы ғана емес пациенттің сапалы емделуіне қатыса алады. Еміне өз үлесін қоса алады.
Республикалық алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталығының дерегіне сүйенсек, жаңа ереже енгізілгелі емханада қабылдауды күту уақыты емделушілер үшін 5-7 күннен 3 күнге дейін қысқарған. Мамандардың айтуынша, медбике тексеруінен кейін "мейіргерлік" диагноз қоя алады.
Әсел Хасенова, ҚР ДСМ ҰҒДО Денсаулық сақтау технологияларын бағалау және енгізу департаментінің директоры:
- Барлық мейірбикеге өкілеттік бірдей берілмейді. Бұл тек білімі бакалавр деңгейіндегі мейірбикелерге қатысты. Демек білімі орта маман дәрігердің өкілеттігін ала алмайды. Сондықтан елімізде мейірбикелердің білімін жоғарылатуға қатысты талап бар. Мейіргерлік қабылдау жүргізетін мамандардың барлығында жоғары білімі бар.
Қазақстанда алғашқы көмек көрсететін 692 медициналық ұйым жұмыс істейді. Олардың 243-інде өз бетінше мейіргерлік қабылдау енгізілген. Жалпы алғашқы медициналық-санитарлық көмек жүйесінде 13 мыңнан астам учаске жұмыс істесе онда тәжірибелік дәрігерлерден бөлек 25 мың 500-ге жуық учаскелік медбике қызмет етеді.
Авторлары: Айнұр Қуатқызы, Мейрам Жүнісов
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #медицина #ДСМPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz