RU
Толық нұсқаға өту

Мектептегі профилактикалық медициналық тексеру жүйесі жаңғыртылады

26.05.2026, 21:00 32

Қазақстанда мектеп оқушыларын профилактикалық медициналық тексеруден өткізу жүйесі жаңғыртылады.

Бұл сала цифрландырылып, диагностикалау әдістері жетілдіріледі. Балалардың электронды денсаулық паспортын жүргізу көзделіп отыр. Жаңғырту шарасын Денсаулық сақтау министрлігі келесі оқу жылынан бастап кезең-кезеңмен енгізеді. 

Бүгінде мектеп жасындағы жеткіншектерде омыртқаның қисаюы, көру, есту қабілеттерінің нашарлауы жиі кездеседі. Дәрігерлер балаларға артылатын жүктеменің өсуімен созылмалы аурулар да көбейе бастағанын байқап отыр. Оқушылардың медициналық профилактикалық тексеру шараларын жетілдіру қажет. Бұны сала мамандары да құптайды.

Мереке Кенжедәулет, мектеп дәрігер-педиатры:

- Қысқа уақыт ішінде көп бала өтіп, бұл оқушы мен дәрігер арасындағы байланысқа кедергі келтіруі мүмкін. Әр балаға бөлінетін уақытты арттыру және қолайлы жағдай жасау, сонымен қатар құпиялылықты күшейту қажет болады. Бұл профилактикалық тексреулер жаппай шара емес, белгілі бір жүйе ретінде қалыптастыру керек.

Әрине, көпшіліктің алдында бала дәрігерге шағымын айтуға қымсынуы мүмкін. Енді қабылдау жеке жүргізілсе, оқушының шынайы мәселесін тыңдауға мүмкіндік болады. Әр баланың цифрлық денсаулық картасы жүргізіледі. Бір сөзбен, қандай да аурудың алдын алу оңайлайды.

Тұрғангүл Бишораева, ҚР ДСМ Республикалық алғашқы медициналық-санитариялық көмек орталығының сарапшысы:

- Бүгінде 7–13 жас аралығындағы балаларда инфекциялық емес ауруларға бейімділік артуда. Бұл - көру қабілетінің бұзылуы, миопия, семіздік, анемия. Алдымен профилактикалық тексерулер жекелей жүргізіліп, құпиялық сақталады. Цифрландыру адам факторының әсерін азайтып, оқушылардың денсаулығын электронды түрде бақылауға мүмкіндік береді және ауруларды ерте кезеңде анықтауға көмектеседі.

Білімді әрі салауатты ұрпақ – ұлт болашағы. Профилактикалық тексеруді жаңғырту жұмыстары алдағы оқу жылынан бастап кезең-кезеңмен енгізіледі. Медпункттер цифрлық электро-кардиографтармен, электронды бой өлшегіштермен, отоскоптармен және теле-медициналық кешендермен жабдықталады.

Авторы: Рухани Әбдірахман

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz