RU
Толық нұсқаға өту

Абай облысында қазақы тазы тұқымы бойынша екі тұқымдық байқау өтті

27.05.2026, 15:55 47

2025 жылғы 15 және 16 мамырда Абай облысында қазақы тазы тұқымы бойынша бірден екі тұқымдық байқау өтті.

Іс-шаралар Бозай ауылында және Аягөз қаласында ұйымдастырылып, ұлттық тұқымды есепке алу, бағалау және одан әрі дамыту бағытындағы маңызды жұмыстың бір бөлігі болды.

Тұқымдық байқауларға тазы иелері, өсірушілер, отбасылар және қазақы тазыны тек ит ретінде ғана емес, дәстүрлі өмір салтының, аңшылық мәдениеттің және жеке тарихының бір бөлігі деп білетін тұрғындар жиналды. Екі күн бойы Қазақстан кинологтар одағының сарапшылары иттерді бағалап, иелеріне кеңес беріп, тұқымның ресми стандартының талаптарын түсіндірді.

15 мамырда тұқымдық байқау Бозай ауылында өтті. Іс-шараға қазақы тазы тұқымынан 46 ит тіркелді. Сараптамалық бағалау қорытындысы бойынша 5 ит «өте жақсы», тағы 2 ит «жақсы» деген баға алды.

Бозайдағы тұқымдық байқау ит иелері үшін өз иттеріне кәсіби зоотехникалық баға алуға, экстерьер ерекшеліктерін нақтылауға, мамандарға сұрақ қоюға және қазақы тазы стандартының талаптарын жақсырақ түсінуге маңызды мүмкіндік болды. 

Екінші іс-шара 16 мамырда Аягөз қаласында өтіп, қазақы тазы иелерінің көпшілігін жинады. Мұнда тұқымдық байқауға қызығушылық ерекше жоғары болды: жалпы қазақы тазы тұқымынан 121 ит тіркелді. Бағалау нәтижесінде 21 тазы «өте жақсы», 12 ит «жақсы» деген баға алды.

Аягөздегі қатысушылардың көп болуы өңірде қазақы тазыға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Ит иелері экстерьер, тұқымдық белгілер, алдағы өсіру жұмыстары және құжат рәсімдеу тәртібі бойынша белсенді сұрақтар қойды. Көптеген қатысушылар үшін тұқымдық байқау итін бағалату ғана емес, мамандармен кездесіп, нақты жауаптар мен пайдалы кеңестер алу мүмкіндігіне айналды.

Мұндай іс-шаралардың маңызы ерекше. Олар ит қорын жүйелі түрде есепке алуға, ресми стандартқа сәйкес келетін иттерді анықтауға және алдағы асылдандыру жұмыс үшін негіз қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бағалау формалды түрде жүргізілмейді: сарапшылар иттердің ресми стандартқа сәйкестігіне, экстерьер белгілеріне және өсіруге жарамдылығына назар аударады.

Бозай мен Аягөзде өткен тұқымдық байқаулар Абай облысында қазақы тазыға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Ең маңыздысы, иелер иттерін бағалауға әкеліп қана қоймай, тұқымды, оның ерекшеліктерін және жауапты өсіру талаптарын жақсырақ түсінуге ұмтылады.

Қазақстан кинологтар одағы ұлттық тұқымды сақтауға және насихаттауға үлес қосып жүрген жергілікті тазы жанашырлары мен иелерін алғыс хаттармен марапаттады:

Бердыбаев Нұрбек Серікқалиұлы;

Тыныбаев Дәурен Дәулетқалиұлы;

Бердыбаев Төлеген Серікқалиұлы;

Байтиков Бағлан Бабышевич;

Оспанов Бахтығазы Тұрсынұлы.

Қазақстан кинологтар одағының президенті Бауыржан Серікқалидың айтуынша, алдағы уақытта Одақ жергілікті өсірушілер мен белсенділер арасынан тұқымдық жұмыс бойынша маман даярлауды жоспарлап отыр. Бұл өңірде қазақы тазыны есепке алу, бағалау және дамыту жұмысын күшейтуге мүмкіндік береді.

Қазақстан кинологтар одағы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz