10 жыл бұрын халық игілігіне тапсырылған көпқабатты үйдің сапасы сыр берді. Тараздағы тұрғын үй кешенінің шатырынан су кетіп, қасбеті қирай бастаған.
«Ал жертөледе құрылыс материалдарының қалдығы әлі жатыр» - дейді жергілікті тұрғындар. Жұрт биліктен үйді жөндеп беруді сұрап отыр.
Қаланың орталығындағы «Атшабар» тұрғын үй кешені 10 жыл бұрын салынды. Жеті қабатты үй тұрғындарының көбі пәтерін ипотекаға алған. Олар банк алдындағы берешегін әлі бірнеше жыл өтейді. Алайда үйдің сапасы нашарлап барады. Ауыз су мен кәріз жүйесі жиі істен шығады. Жауын-шашын болғанда шатырдан су кетеді.
Баян Әбітбаева, қала тұрғыны:
- Жаңбыр, қар жауып еді төбеміз құлап кеткендей болды. Жауын өтіп тұр. Үнемі су боламыз. Қанша рет өзім адамдарды жалдап, төбені істетіп жатырмын. Сонда да болмайды.
Үйдің қасбетіндегі қаптаманың біразын жел ұшырып әкеткен. Көпқабатты үйдің ауласында балалар ойнайтын дұрыс алаң да жоқ. «Күз бен қыста ауланы су басады», - деп тұрғындар наразы.
Қаракөз Қолақанова, қала тұрғыны:
- Жауын, қар болған кезде есік алды көл болады. Бала-шағамен өту мүмкін емес. Көліктердің өтуі мүмкін емес. Мынау ауладағы ағып жатқан суды қай жаққа ағызатынымызды білмейміз. Мысалы, кәріз жоқ. Арна жоқ ары қарай ағызып жіберетін.
Мерей Бает, тілші:
- Көпқабатты үйдің бұл бөлігі автокөліктерге арналған паркинг болуы тиіс еді. Алайда тұрғындар әлі күнге көлігін кіргізе алмай әлек. Себебі мұнда 10 жыл бұрынғы қалған құрылыс материалдары әлі күнге жайрап жатыр.
Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы: «Үйді жаңғыртуға 134 миллион теңге қажет», - дейді. Жобалық құжатын жасап, республикалық бюджетке өтінім берген. Алайда қаладағы өткен ғасырда салынған ескі үйлер бірінші кезекте жөнделуі тиіс екен. Ондай 73 көпқабатты үй бар.
Сұлтанмахмұд Өтешов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы:
- Бұл – 30 жылдан асып кеткен 50, 70 жылдан асып кеткен үйлер. 80-90 пайызы тозған үйлер. Скл Бірінші кезек осы үйлер. Атшабар 17/1 үйді 2027 жылға жоспарланды. Ол үшін біз 58 үйге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырып, жоба сметалық құжаттарды 6,5 млрд теңгеге жасап қойдық.
Жалпы қалада тозығы жеткен 538 көпқабатты үй бар. Жергілікті билік оларды кезең-кезеңімен, жаңғыртуды жоспарлап отыр. «Бастысы, уақытында қаржы бөлінсе», - дейді жауаптылар.
Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә
Тегтер #көпқабатты тұрғын үй #Тараз #қасбет #кәрізPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz