Түркістан облысының Түлкібас ауданында ауыл кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған жаңа жоба іске қосылды.
Балықты ауылы маңынан 10 гектар жер телімі бөлініп, өндірістік парк құрылды. Мал бордақылаумен айналысамын деген тұрғындарға 1 гектардан жер телімі үлестірілді. Әкімдік су, жол, электр желісін тартып берген. Енді «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие беріледі.
Жаңа өндірістік парк Балықты ауылынан 3 шақырым жерде орналасқан. Қазір мұнда 10 қораның құрылысы аяқталып, айналасын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жер телімі ауыл кәсіпкерлеріне тегін берілеген. Басты талап – мал бордақылау алаңы әкімдік бекітіп берген жоба бойынша салынуы тиіс. Қораның ені - 15, ұзындығы – 30 мектрден кем болауы керек.
Нұрайбек Есенов, Балықты ауылының тұрғыны:
- Осы әкімшілік тарапынан берілген жоба. Малға төбеден күн түсіп тұрады. Мына екі жақтан мал тұрады басы бері қарап, малға ыңғайлы етіп істедік. Ортада жол, шөбін, жемін салып, тап-таза болып жүреміз. Төбесінде шөп жинайтын орын. Ыңғайлысы сол бәрі ішінде, сыртқа шықпаймыз. Арты қойма болады.
Ауыл тұрғыны Бейбіт Шырынбаев ауыл ішінде мал бордақылау қиын екенін айтады. «Себебі күн ысыса болды, малдың тезегінің жағымсыз исі бүкіл ауылға тарап, қолқаны қабады», - дейді. Сондықтан әкімдіктің ұсынысын бірден қабылдап, 2 айда жүз басқа арналған қора-жай ды бітіріп салып алған. Ендігі мақсаты – мал бордақылап, ет өндірісін дамыту.
Бейбіт Шырынбаев, Балықты ауылының тұрғыны:
- Қорамыз бітті. Енді жүз бастай мал бордақылау әрекетімізді жасап жатырмыз қазір. Малды шет жақтан әкелеміз, бордақылап, экспортқа шығарып, етпек қамтамасыз етеміз.
Ауыл әкімі Дастан Жаналиев өндірістік парк ауыл кәсіпкерлерін қолдау мақсатында жүзеге асырылғанын айтады. Енді оларға «Ауыл аманаты» бағдарламасымен жеңілдетілген несие алып беруді көздеп отыр. Жобаға қызығушылық танытатын тұрғындар болса тағы да жер телімін беруге дайын.
Дастан Жаналиев, Балықты ауылдық округінің әкімі:
- Болашақта осы 10 гектар біткеннен кейін тағы да 15-20 гектар айналасынан мал бордақылаймын, сүт бағытында, тауық еті, жұмыртқа сол бағыттарда жұмыс істеймін деген кәсіпкерлерге осындай жерлерді үлестіріп береміз. Қазір тағы бір кәсіпкеріміз мал сою бекеті мен құрама жем шығаратын цехтың жерін айқындап, құрылысын бастауға дайын. Жер тек осы ауылда тұратын кәсіпкерлерге берілді.
Бұл жоба қазір Түлкібас ауданында төрт ауылда іске асырылып жатыр. Өндірістік парктер құру үшін 35 гектар жер телімі бөлінген. Инфрақұрылымдық жұмыстар аудан бюджеті есебінен жүзеге асырылады. Жоба құны – 2 млрд теңге. Толық іске асырылғанда жүз елуге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіліп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан облысы #ауыл #кәсіпкерлер #жаңа жобаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz