RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында күкірт қышқылы зауыты іске қосылды

27.05.2026, 22:40 29

Жамбыл облысында жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіретін зауыт іске қосылды. 

Жаңа кәсіпорын Сарысу ауданында ашылды. Ауқымды жобаны «Еурохим» халықаралық компаниясы қаржыландырған. Кәсіпорын аудан мен облыс тұрғындарына, жаңа жұмыс орындарын ұсынып отыр.

Сарысу ауданында жұмысын бастаған жаңа зауыт облыстың химия өнеркәсібіне тың серпін береді. Кәсіпорын жылына 800 мың тонна күкірт қышқылын өндіреді. Бұл өнім ауыл шаруашылығы, энергетика, металлургия және машина жасау секілді салаларда кеңінен қолданылады. Инвестиция құны 170 млн доллар.

Игорь Ахмеров, «Еурохим» ЖШС бас директоры:

- Кешен толық қуатында жұмыс істегенде жылына 1 миллион тоннаға дейін минералды тыңайтқыш пен өнеркәсіптік өнім өндіріледі. Сәйкесінше, химия кешені толық іске қосылғанда жұмыс орындарының саны едәуір артады. Сондықтан облыс әкімдігімен техникалық колледж ашу мәселесін талқылап жатырмыз. Мұнда жұмысқа алынатын мамандар осы өңірде тұрып, еңбек етеді. 

Жаңа өндіріс орны өңірдегі жұмыссыздық мәселесін шешуге де мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде мұнда 330 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал жоба толық іске қосылғаннан кейін 1200 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. 

Ербол Қарашөкеев, облыс әкімі:

- Жамбыл облысы бізде Қазақстанда химия өндірісінің орталығы деп санауға болады. Облысымызда 44 ірі және орта химия саласындағы кәсіпорындар жұмыс атқарады. Яғни осы кәсіпорын 45-інші болып отыр.

Биыл Жамбыл облысына 470 миллиард теңгенің инвестициясы тартылды. Жыл соңына дейін тағы 47 өндіріс орны ашылады. Ал алдағы төрт жылда өңірде жалпы құны 5,6 триллион теңге болатын 116 жоба жүзеге асып, 20 мың жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. 

Авторлары: Мерей Бает, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz