RU
Толық нұсқаға өту

Гаджетсіз лагерь

28.05.2026, 07:50 33

Өркениет озады, әлем жаңарады. Гаджет керек. Онсыз заманның ағымына ілесе алмайсың. Бірақ бала үшін де, үлкендер үшінде қауіпті тұстары бар.

Өйткені жаңашылдықты керексіз нәрсеге, тіпті құмар ойындарға пайдаланатындар бар. Кішкентайларды осындай әдеттен сақтандыру маңызды. Елордада балаларға арналған гаджетсіз лагерь жұмысын бастайды. Мұнда кішкентайлар телефонсыз жүреді.  Есесіне уақытын табиғат аясында, қозғалысқа толы ортада өткізеді. Бағдарламада спорт, топтық ойындар, квест және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға арналған іс-шаралар көп.

Заманауи қоғамда балалардың көп уақыты телефон мен гаджетке кетіп жатыр. Бір қарағанда, заманның дамуы, технологияның жетістігіне айналған бұл құрылғылар келешек ұрпақ үшін зиянды қаруға айналуы мүмкін. Бұл олардың денсаулығына, зейіні мен қарым-қатынасына кері әсер етеді, - дейді мамандар. Сондықтан лагерде балалар цифрлық құрылғылардан арылып, футбол, волейбол, жүзу сынды белсенді спорт түрлерімен шұғылданады. Түрлі шеберлік сабақтарында қатысып, жеке дағдыларын дамытады.

Яна Шеколян, «Breadfield» балалар лагерінің басшысы:

- Біздің лагерьдің басты ерекшелігі - гаджетсіз демалыс. Балалардың экранға телмірмей, шынайы ортада қарым-қатынас орнатуына мән береміз. Бұл қазіргі қоғамда өзекті мәселе. Жаз айларында шамамен мыңға жуық бала келеді. Олармен тәжірибелі педагогтар мен тәлімгерлер жұмыс істейді.  Біздің мақсатымыз - әр баланы өзіне сенімді, ашық дербес тұлға етіп тәрбиелеу. Қатарластарымен еркін сөйлесіп, өз ойын анық жеткізе алуы маңызды.

Мамандардың айтуынша, балалар алғашқы 2-3 сағатта смартфонды іздеуі мүмкін. Алайда біраз уақыттан соң жаңа ортаға бой үйрете бастайды. Лагерде олар атпен серуендеп, киноға барып, демалыстары гаджетсіз-ақ мазмұнды әрі қызықты өтеді. Табиғат аясында сергіп, таза ауада уақыт өткізеді. Ал кешке түрлі ойын-сауық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады.

Томирис Бексеитова, «Думан» педагогикалық жасағының тәлімгері:

- Бізде осындай ереже бар, үш рет бала гаджетпен көрінсе, оны алып кешке қарай ата-аналарына бірақ береміз. Бір күннен кейін үйреніп қалады. Себебі олар жалықпайды. Көбінесе біз осында жұмыс жасағаннан кейін гаджетке де уақыты келмейді. Олар сурет салады, оригами жасайды. Кей кезде мастер класстар болады. Мысалы, біздің тәлімгерлеріміз йога немесе спортқа байланысты мастер класстар береді.

Гаджетсіз лагердің жұмыс істеп келе жатқанына 12 жылдан астам уақыт өтті. Әр маусым сайын келушілер қатары артып келеді. Тіпті кей ата-аналар балаларын жыл сайын тұрақты әкеледі.

Авторлары: Дильназ Тұрғазыева, Диас Ковланбаев 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz