RU
Толық нұсқаға өту

«Қурайлысай» каналының түбі тереңдетілді

28.05.2026, 08:50 31

«Қурайлысай» каналы тереңдетілді. Су жіберіле бастады. Бұл жүйе Атыраудағы Индер ауданы Жарсуат ауылдық округіне қарасты елдімекендер мен шабындықтарды жазда сумен қамтамасыз етеді.

Жалпы өңірдегі егін салатын екі жүзден астам шаруашылық пен  300-ге тарта малшы ауыл Жайық өзенінен тартылған су арналарын пайдаланады. Облыс аумағында жалпы ұзындығы 1 мың 300 шақырымнан асатын 21 канал бар. Қазір оның 15-не су жиналып, халықтың игілігіне беріле бастады 

«Қурайлысай» каналын тереңдету жұмысы 4 жыл бұрын басталды. Ұзындығы 53 шақырым су арнасы қазір Жайық өзенінен су алуға дайын. Игілігін Жарсуат ауылдық округіне қарасты 4 ауыл көріп отыр. Канал өткен ғасырдың 60 жылдары қазылған. Ол кезде арна бойында 900 гектардан астам егіс алқабы болды. Қазір Жарсуатқа қарасты мал шаруашылықтары мен шабындықтың жазғы суға деген қажетін өтейді. Құмыққан каналды аршу қажеттігі туындағанда ауыл ақсақалдары бастама көтерді. «Келісіп пішкен тон келте шықпай», мал мен жан тірлік нәріне қарқ болды.

Тыныштық Азанов,  Жарсуат ауылының тұрғыны:

- Осы малмен күнелтіп отырған жәйіміз бар. Біздің Қурайлысайымызда былтыр Берік деген мердігер келгенде бәріміз айттық, «Мұны көп қазба, қарағым, тек бетіндегі жыңғыл анау-мынау теректі ғана алсаң, су өзі құлайды, мотор айдаса болды». 53 шақырым сонау Тасбөгет дейтініміз бар, соған дейін.   

Канал құрылысына 2022 жылы республикалық бюджеттен 780 млн теңге бөлінді. Бір жылдан кейін, су арнасы облыстық бюджет балансына өтіп, жұмыс баяулап қалады. Бірақ тоқтаған жоқ. Нәтижесінде тереңдігі 2,5, ені 60 метр болатын каналдың түбі аршылып,  жұмыс 95 пайызға аяқталды. Мал-жан үшін су жинайтын 4 катлован және 4 көпір салынады.

Досымбек Жандаров,  құрылыс басшысы:

- Су катловандарда толып тұр, мал ішіп жүр. Қазғанға дейінгі канал орташа болды. Жаман деп айта алмаймын. Су жүріп тұрған. Бірақ аяғына дейін жетпеген. Катловандар болмағанда су тұратын. Қыс уақытында су ұстап тұратын болмағандықтан барлық канал бойына мұз қатқан кезде су ұстамаған.

Соңғы 3 жылда Индер ауданы бойынша 3 канал аршылды. Жалпы өңірдегі 21 су арнасының 15-і өзеннен су қабылдауға дайын.  Ол тек Индер, Махамбет аудандарын ғана емес, жалпы облыстағы суармалы егіс алқабы мен мал шаруашылығын қамтып отыр. Канал тереңдету жұмыстары әрі қарай жалғасады.

Асланбек Рысжан, облыстық «Табиғат» КМК директоры:

- «Бағырлай», «Қурайлысай» каналы, «Кабяково-Забурын» Құрманғазы ауданында, Қызылқоға ауданында «Ералы» су торабы бар. Олардың екеуіне бүгінгі таңда келісімшартқа отыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Индер ауданы бойынша Бағырлай каналына республикадан трансфертпен 256 млн қарастырылып отыр.

Су шаруашылығына жауапты мекеменің мәліметі бойынша, күні бүгін барлық каналға сорғылар орнатылып, су беріле бастады. Былтыр каналдар құрылысына жергілікті бюджеттен 400 млн  теңге бөлінген болатын. Ол игерілді. Енді биыл қаражат көзі анықталса, қосымша 4 канал аршылады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz