RU
Толық нұсқаға өту

Екібастұзда балалардың шығармашылық әлеуетін дамытатын орталық табысты жұмыс істеп келеді

28.05.2026, 22:33 22

Екібастұз қаласында балалардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған бірегей білім ордасы «Самғау» шығармашылық орталығы, табысты жұмыс істеп келеді.

Бүгінде мұнда 5 мыңға жуық бала қосымша білім алып, қабілетін жан-жақты шыңдауға мүмкіндік алған. Мектептен тыс бұл білім беру мекемесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2024 жылы ашылған. Аз уақыт ішінде ол өңірдегі балалар мен жасөспірімдердің шабыт пен ізденіске толы сүйікті ортасына айналды.

«Самғау» шығармашылық орталығы — балалардың жан-жақты дамуына арналған заманауи білім ордасы. Оқушылар өнер, ғылым және технология бағыттарында білімін жетілдіріп, робототехника мен компьютерлік модельдеу саласында қабілеттеріндамытады.

Ақбота Өмірбекқызы, оқушы:

Мен робототехника үйірмесіне келемін. Неге осы сала маған қызықты, өйткені бұл сала жалпы бір жақтан ғана дамымаған, яғни бір саладан көптеген мүмкіндіктер келеді бізге.

Орталықта 6–17 жас аралығындағы балаларға арналған 28 үйірме төрт бағыт бойынша тегін жұмыс істейді. Бес мыңға жуық бала қосымша біліммен қамтылған. Үйірмелерге 80-нен астам қосымша білім беру педагогі жетекшілік етеді.

Шырай Жылқайдарова, Екібастұз қаласының тұрғыны:

- Менің балама 13 жас, балам мында, «Самғау» балалар шығармашылығы орталығына вокал үйірмесіне келеді. Біріншіден балама ұнайтыны ұстаздарының сабақ бергені, екіншіден осы ғимараттағы заманауи жабдықталған кабинеттер және де мен ата-ана ретінде осы орталықтың құрылуына себепкер болған барша азаматтарға алғысымды айтқым келеді. 

«Самғау» балалар шығармашылық орталығы «барлық балаға тең мүмкіндік» қағидатына негізделген. Қазіргі таңда ерекше білім беруді қажет ететін 100-ден астам бала түрлі үйірмелерге қатысып жүр. Орталықта ата-аналарға арналған психолог-педагог мамандарының жеке қолдау кабинеті жұмыс істейді.

Айтуған Қадыр, «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы басшысының м.а.:

- Қаламыздың кез келген мектеп оқушысы бізге орталығымызға келе алады. Жалпы балалардың қосымша білім беру орталығында жақсы көңіл-күймен, жақсы әсер алып, өздерінің білімін терең дамыту үшін біз барлық жағдайды жасап отырмыз. Бұл орталық 2023 жылғы өзіміздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың келгенінде ата-аналардың сұранысы бойынша салынған орталық. 

Аз уақыт ішінде «Самғау» тәрбиеленушілері халықаралық байқауларда жүлдегер атанып үлгерді. Бұл жүйелі білім мен тынымсыз еңбектің нәтижесі. Көптеген ата-ана баласының болашаққа жасаған алғашқы қадамы осы «Самғау» орталығынан басталатынына кәміл сенеді. 

Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz