Қазақстан мен Ресей экономиканың басым бағыттары үшін халықаралық деңгейдегі кадрларды бірлесе даярлайды.
Астанадағы Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы дәл осы мақсаттағы маңызды қадам болды. Қазақ жастары шекара аспай-ақ, іргелі оқу орнының білім бағдарламасын меңгере алады.
Қазақстан мен Ресей адами капиталды дамытуға және жаһандық білім беру кеңістігіне бірлесе енуге күш салып келеді. Астанада ашылған Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының филиалы – осының бір айғағы. Бакалавриаттар экономика және бизнес-информатика бағдарламаларын оқыса, магистранттар қаржы және талдау жүйесін басқару бағыттарын меңгереді. Алғашқы оқу жылында-ақ мұнда жүзге жуық студент білім алды.
Дина Сапарова, Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының Астанадағы филиалы ректорының орынбасары:
- Біріншіден, студенттер Мәскеудегі институт базасының талаптарына сай білім ала алады. Екіншіден, дипломда да айырмашылық болмайды. Еліміздің еңбек нарығына білікті қаржыгер, экономист, талдау жүйесін басқарушылар өте қажет. Сондықтан білім саласындағы ынтымақтастықтың маңызы зор.
Студенттер оқу жылының кей бөлігін Мәскеуде өткізе алады. Бакалавриаттарға 2 семестр, ал магистранттарға бір семестр бойы Ресей астанасында оқу мүмкіндігі қарастырылған. «Бұл екі ел жастарының өзара әріптестік байланысын одан әрі нығайтуға жол ашады», - дейді мамандар.
Алмас Идрисов, магистрант:
- Мамандығым – көпжақты институттар және жаһандық технологиялық дамуды басқару. Магистратураны аяқтағаннан кейін өз еліміздің жетекші салаларында жұмысқа орналасып, елдің дамуына күш сала аламын деп ойлаймын. Бізге беріп жатқан білім, Мәскеуде өткен түрлі тәжірибелеріміз болашақта көп пайда алып келеді деп ойлаймын.
Бүгінгі таңда институт филиалында қазақ жастары ғана білім алып жатыр. Алдағы уақытта орын саны мен мамандық түрлерін көбейтіп, алыс-жақын елдерден студенттер қабылдау жоспары бар.
Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Жандос Битабаров
Тегтер #Қазақстан #Ресей #кадр даярлау #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz