Бүгін, 29 мамырда Қазақстанда алғаш рет жаңа кәсіби мереке – Қазақстан Республикасының Бітімгер күні атап өтілуде, деп хабарлайды«24KZ».
Биылдан бастап ресми бекітілген бұл айтулы күн БҰҰ-ның Халықаралық бітімгерлер күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Қазақстан БҰҰ-дан бітімгерлік миссияға дербес қатысуға мандат алған посткеңестік кеңістіктегі алғашқы әрі жалғыз мемлекет болып табылады.
БҰҰ-ның бітімгерлік қызметіне қатысу - еліміздің сыртқы саясатының маңызды бағыты. 2014 жылдан бері 900-ден аса отандық әскери қызметші БҰҰ-ның түрлі миссияларында шыңдалды. Қазіргі таңда 154 қазақстандық сарбаз бен офицер Таяу Шығыс пен Африка құрлығындағы (Батыс Сахара, ОАР, Конго, Ливан, Оңтүстік Судан және т.б.) БҰҰ-ның 7 бірдей миссиясында әскери бақылаушы және штаб офицері ретінде абыройлы қызмет атқаруда.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында бітімгерлердің географиялық ауқымы кеңейіп келеді. Осылайша, 2024 жылдан бастап отандық дербес ұлттық контингент Голан жоталарындағы «БҰҰ-ның бөлінген аумақты бақылау жөніндегі күштері» миссиясында өз міндеттерін табысты орындауда. Бұл қазақ әскерінің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі.
Қазақстандық бітімгерлер Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік операциялар орталығында БҰҰ стандарттарына сай кешенді дайындықтан өтеді. Олар халықаралық гуманитарлық құқықты, ағылшын тілін, әскери медицинаны және минасыздандыруды меңгеріп, заманауи отандық қару-жарақ пен техникамен жарақтандырылған. Миссия қолбасшылығы қазақстандық әскерилердің жоғары кәсібилігі мен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қосқан үлесін жоғары бағалап отыр.
Тегтер #қорғаныс министрлігі #24жаңалықтар #24KZ #бітімгерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz