Шомылу маусымы кезінде Төтенше жағдайлар министрлігі су алабындағы балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударады. Биыл ел аумағының жағажайларындағы қауіпті учаскелерде 50 құтқару станциясы мен 169 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейтін болады, деп хабарлайды «24KZ» .
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті төрағасының орынбасары Роллан Есмағанбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, шомылу маусымына дайындық аясында ресми жағажайларда балаларға арналған қауіпсіз шомылу аймақтары жабдықталған. Бұл жерлерде құтқарушылар балаларды жүзудің бастапқы дағдыларына үйретіп жатыр.
«Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жыл басынан бері құтқарушылар еліміз бойынша шамамен 8 мың баланы жүзудің бастапқы дағдыларына оқытты. Сонымен қатар 91 мыңнан астам оқушыға 2 мыңға жуық интерактивті сабақ өткізілді. 2,5 мыңнан астам ашық сабақ ұйымдастырылып ,оған 47 мыңнан астам бала қатысты. Бұдан бөлек, 18 мыңға жуық оқушы құтқару дағдылары мен суға батқан адамға алғашқы көмек көрсету бойынша 800-ден астам тәжірибелік сабақ алды», – деді спикер.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, әлемде 5 пен 14 жас аралығындағы балалар арасында суға кету оқиғалары жиі кездеседі. Бұл балалар өлімінің негізгі себептерінің ішінде үшінші орында тұр. Мамандар мұның басты себептерінің бірі – балалардың жүзуді дұрыс білмеуі екенін айтады.
Төтенше жағдайлар мамандары бүгінге дейін 41 мыңнан астам ата-анаға судағы қауіпсіздік қағидалары түсіндірілгенін айтты. Сондай-ақ, 9 мыңнан астам ата-аналар чаттарында үгіт-насихат материалдары таратылып, қосымша нұсқамалар жүргізілуде.
Тегтер #шомылу маусымы #ТЖҚ #қауіпсіздік #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz