Батыс Қазақстан облысында кейінгі үш жылда жалпы құны 13 млд теңгеге тозығы жеткен 6 мың шақырым электр желісі жаңартылды.
«Энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында сумен және жылумен қамту салаларында 40 ірі жоба жүзеге асты. Аймаққа жұмыс сапарымен барған Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев атқарылған жұмыспен танысты. Ұлттық жоба аясында биыл өңірге 57 млрд теңге қарастырылған.
Оралдықтар тұтынатын тіршілік нәрінің жартысы Жайықтан алынса, қалғаны Дариян ауылы маңындағы жерасты су көзінен жеткізіледі. Былтыр мұнда жаңадан 6, биыл 5 ұңғыма қазылды. Сонда су көлемі тәулігіне 30 мыңнан 60 мың текше метрге жетпек. Осы суды қалаға айдайтын жаңа сорғы станциясы мен 14 шақырымдық құбыр да қоса салынуда. Қос жобаның жалпы құны 12,4 млрд теңге.
Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:
- 4-5 жыл бұрын жылу орталығында болғам мен. Әрине қиын жағдай болған. Ол кезде, қазірдің өзінде оңып тұрған жоқ. Бірақ позитивті өзгерістер бар, жақсы жоспарлар бар. Мен ойлаймын, екі жылда осы бағытпен жұмыс істесе, онда ешқандай тәуекелдер қыста болмайды. Және жылу желілерді, магистральды жылу желілерді жақсылап жаңғыртылды бұл жақта. Ол да үлкен жетістік деймін.
Саусақ бірікпей, ине ілікпейді. Үкімет басшысының орынбасары Макаров ауылындағы «Аманат-22» ауылшаруашылық кооперативімен де танысты. Мұнда 96 тұрғын тіркелген. Осы арқылы олар бау-бақша және сүт өнімдерін өткізіп, тиісті субсидия ала алады. Келешекте өңірде 15 шағын өнеркәсіптік аймақ құрылмақ.
Қазбек Ұзықанов, "Ақжайық" ӘКК" АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары:
- Ол не үшін керек? Бірінші кезеңде біз ауылшаруашылық шикізат өнімдерін жинаймыз, содан кейін өңдейміз. Кооперативтерге берілетін несие сомасы бұл міндетті орындауға аздық етеді. Тек құрал-жабдықтар ғана ала аламыз. Сондықтан осындай құрылымдар құруды көздеп отырмыз.
Премьер-министрдің орынбасары сапар барысында өңірде атқарылып жатқан істерге оң баға берді.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Қ. Ақырап
Тегтер #Қанат Бозымбаев #БҚО #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz