Түркістан мен Ташкент облыстарының әкімдері және кәсіпкерлері «Шекарасыз ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық бизнес-форумда кездесті.
Өзбекстанда өткен жиында тараптар өңіраралық сауда-экономикалық, инвестициялық және туристік ынтымақтастықты нығайту мәселелері бойынша келісімге қол қойды. Маңызды іскерлік диалог алаңында, екі мемлекеттен 200-ге жуық кәсіпкер мен инвестор келелі мәселелерді талқылады. Бұл іс-шара екі ел президенттерінің ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспары аясында жүзеге асты.
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық көрсеткіштердің басым бөлігі Түркістан және Ташкент облыстарына тиеіслі. Демек қос өңірдің өзара байланысы бекем болса, бұл жалпы көрсеткішке оң әсер етеді. Аймақ басшылары атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, инвесторларды бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Нұралхан Көшеров, Түркістан облысының әкімі:
- Мемлекет басшыларының арнайы тапсырмасы бар. Сол бойынша бізге өңіраралық байланыстарды бекемдеу, экономикалық көрсеткіштерді еселеу сияқты жоспарлар айқындалған. Соны жүзеге асырудың бір жолы - өңіраралық форумдар.
Форум барысында Қазақстан мен Өзбекстан мемлекеттері басшыларының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы жобасының маңыздылығы ерекше назарға алынды. Бұл жоба Түркістан және Ташкент облыстары арасындағы экономикалық байланысты нығайтатын стратегиялық алаң ретінде бағаланды.
Сардорбек Эргашев, Ташкент ауданының әкімі:
- Екі облыстың да қай салада болмасын мүмкіндіктері мол. Әсіресе кәсіпкерлерге осындай форумдар өте қажет. Бір-бірімен танысып, әріптестік орнатады. Бүгін біздің ауданымыздың бизнес өкілдері туризм саласы бойынша қазақ кәсіпкерлерімен мемарандумға қол қойды. Біріккен жоба жүзеге асса, екі ел үшін де тиімді болмақ.
Форумда туризм саласындағы байланыстарды дамыту мәселелері де кеңінен қаралды. Түркістан және Ташкент облыстарының бұл бағытта мүмкіндіктері мол. Өңірлердің туризм кластерін бірлесіп дамытудың жолдары қарастырылды.
Дулат Нуркин, тілші:
- Мемлекет басшыларының 2030 жылға дейін екі елдің өзара тауар айналымын 10 млрд долларға жеткізу жоспары бар. Қазір бұл көрсеткіш 4,8 млрд доллар шамасында. Көрші елдер арасындағы арнайы үкіметаралық комиссияның болжамынша біріккен жобалар іске қосылған жағдайда, алдағы екі-үш жылда алыс-беріс көлемі еселене түспек.
Тегтер #Ташкент #Түркістан облысы #бизнес форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz