RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбеде тары фестивалі өтті

30.05.2026, 18:09 32

Ақтөбе ұлттық дәм мен дәстүрдің орталығына айналды. Қалада тары фестивалі өтті. 

Қолөнер шеберлері қазақтың байырғы бұйымдарының көрмесін ұйымдастырса, аспаздар ақ тарыны дайындау әдістерін көрсетті. 

Ақтөбенің ақ тарысы бүкіл елге танымал. Әсіресе көпшілік Ойыл ауданында өсіріліп, аспаздар дайындаған түрін іздеп келеді. Бүгінгі этнофестивальде атақты диқан Шығанақ Берсиевтің жерлестері тары дайындаудың әдіс-тәсілдерін көрсетті. 

Жансая Батырғалиева, Ойыл ауылының тұрғыны:

- Масақтың тарысы 30 минут қайнайды. Ол тап-таза болады. Сөгі жоқ. Ұшырып, дайындап, қайнағаннан кейін оны осындай әкеліп қуыру процесі басталады. Жабысып қалмау үшін осындай қырғышпен пайдаланып былғауышпен осылай қуырамыз. Қуырып болғаннан кейін әрі келі-келісапқа кетеді.

Үшінші рет өткен этнофестиваль өңірдің мәдени және гастрономиялық мұрасын танытатын алаңға айналған. Қонақтарға тарыдан дайындалған 50-ге жуық тағам түрі ұсынылды. Сонымен қатар қолөнер шеберлерінің бұйымдарын, зергерлік өнер туындыларын тамашалады. 

Гүлжайна Бисенғалиева, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы:

- Бұрын тек қана қыздардың әшекей бұйымдарын шығарып жүрміз ғой. Биыл ер азаматтарға байланысты, ер азаматтардың киімдері мен бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылып жатыр. Теріден жасалған, былғарыдан жасалған бұйымдарын әкеліп насихаттап тұрған ісмер бар осы алағда. Этнофестивальға кәсіпкерлер де жылдан жылға өздері сұранып қатысатын болды.

Фестивальге арнайы келген меймандар аз болған жоқ. Облыс басшысы Асхат Шахаров ұлттық дәстүрлерді сақтап өңірде гастрономиялық туризмді дамытудың маңыздылығын атап өтті. Бұл мәселе ауыл шаруашылығы саласының мамандары мен сарапшылары, қоғам өкілдері қатысқан дөңгелек үстелде талқыланды. 

Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz