RU
Толық нұсқаға өту

Павлодар облысында 37 шекара бекеті жаңғыртылады

30.05.2026, 21:39 28

Павлодар облысындағы «Қосақ» автокөлік өткізу бекетін жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. 

Өңірде мемлекеттік шекарадағы 5 көлік өткізу пункті күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы елде Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі шекарасында орналасқан 37 өткізу бекеті жаңғыртылады. Сол кезде шекарадан өту уақыты қысқарып, транзиттік әлеует пен халықаралық жүк тасымалының көлемі артады. 

Қазір еліміз бойынша 14 өткізу бекетінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүріп жатыр. Мысалы, Ресеймен шекарадағы «Қосақ» пунктінде тексеру аймақтары салынып, цифрлық жүйе енгізіледі. «Жаңғыртылған бекеттің өткізу қабілеті артады», - дейді мамандар. 

Алексей Логвиненко, «ҚазАвтоЖол» АҚ Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары:

- Жаңғырту жұмыстарынан кейін өткізу бекетінің өткізу мүмкіндігін үш есеге арттыру жоспарланған. Қазіргі таңда бекет тәулігіне 1000 адам мен 300-ге дейін автокөлік өткізе алады. Ал реконструкция мен жаңғырту аяқталған соң бұл көрсеткіш тәулігіне 3 мың адам мен 1000 автокөлікке дейін өседі. 

«Қосақ» өткізу бекетінің құрылысына республикалық бюджеттен 15 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Қазір құрылыс қарқынды жүріп жатыр.

Алексей Охременко, мердігер компания өкілі:

- Құрылыс алаңында жүзден астам жұмысшы еңбек етіп жатыр.  Инженерлік желілерді тарту және құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.  Сонымен қатар монолитті жұмыстар аясында тексеру алаңдары, әкімшілік-тұрмыстық кешен, инспекциялық-тексеру кешені және тереңдетілген тексеру аңғары  салынып жатыр. 

Облыстағы 5 өткізу бекетінің барлығы жаңғыртудан өтеді. Бұл шекарадағы кезекті азайтып, кедендік тексеруден өтуді жылдамдатады. «Сонымен қатар өңірдің транзиттік әлеуетін нығайтады», - дейді мамандар.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz