RU
Толық нұсқаға өту

Оралда кең көлемді көгалдандыру қарқын алды

31.05.2026, 09:30 32

Орал қаласында кең көлемді көгалдандыру жұмыстары басталды. Биыл шаһарда 28 мың шаршы метр аумаққа гүл егілмек.

Сонымен қатар облыс орталығында алғаш рет көгалдарды автоматты суару жүйелері іске қосылды. Осы арқылы саябақтардың ажарын кіргізу, әрі суды үнемдеу көзделген. Бұл жұмыстарға қазынадан 600 млн теңге бөлінді. 

Жайық, Шаған, Деркөл секілді үш өзеннің жағасында орналасқан Орал шаһары қашан да жасыл желегімен, саф ауасымен, экологиялық тазалығымен ерекшеленеді. Биыл да қаладағы алаңдар мен тынымбақтардың құлпырған гүлдермен сәні кірмек. Ол үшін жүз мыңдаған өсімдік Астанадан арнайы жеткізіліпті. 

Ботагөз Мықпаева, гүл өсіруші:

- Астанадан келді. Жолда екі күн жүрді. Қазір түсіріп жатырмыз. Бүгін жақсылап суғарады. Құдай қаласа ертең ерте тұрып гүлдерді егеміз. Оралдың ауа райы жақсы, салқын. Шілдеде азанда ерте егеміз, гүлдерді қопсытамыз, дәрісін береміз.

Егер гүлдерді мердігер компания қызметкерлері қолмен суарса, көгалдарға заманауи автоматтандырылған суғару жүйесі орнатылған. Тіршілік нәрін жер астынан алатын қондырғылар суды уақтылы, әрі дәл мөлшерде құйып тұрады.

Айдар Сапарбай, маман:

- Бұл жерде автосуару. Мынау екі бақылаушы компьютер деп аталады. Бұл жерде оның жұмысы уақыттарын қосып-өшіріп, өзі азанда берілген уақыт болады. Соны күнделікті, күнара суарып тұрады. Газонның өзі уақытылы суын ішіп тұрғаннан кейін жақсы шығады.

Биыл Орал қаласында көгалдандырылатын аумақтың көлемі артпақ. Барлығы 28 мың шаршы метр жерге гүл, 60 мың шаршы метр жерге көгал егу жоспарланған. Бұл мақсатқа 600 млн теңгеге жуық қаржы қарастырылған.

Асылжан Хайруллин, Орал қалалық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Алдағы уақытта гүлдерді қайта-қайта екпеу, қаражатты тиімді пайдалану мақсатында көп жылдық гүлдерді егу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бізде су құятын мердігер мекеме Шағаннан суды алады.  Газондарды күтіп ұстау жұмыстары арнайы ұңғымалар қазылып, уақытылы кестеге сәйкес автоматтандырылған суғару жұмыстары жүргізіледі.

Автоматтандырылған суғару жүйелері ең алдымен суды үнемдеуге мүмкіндік береді. Орал шаһары үш өзеннің жағасында орналасқанымен, судың да сұрауы бар екенін естен шығармаған абзал, - дейді эколог-мамандар.

Лұқпан Өтебалиев, Орал қалалық экологиялық комиссия мүшесі:

- Қазіргі жағдайда бүкіл әлемде су тапшылығы дағдарысқа жақындап келе жатыр. Қала үш өзеннің ортасында ғой, сосын жердің астындағы су бар. Осының бәрін негізі рационалды түрде пайдалану керек, үнемдеу керек. Ол үшін не істеу керек? Мына газондарды суару үшін автополивті жасап жаңбырлап суару керек. Оның өзінің уақыты бар. Сосын қалған жерде мына гүлзарларды да тамшылап суару тәсіліне ауысу керек. Бұл да бір рационалды түрде үнемдеу.

Мамандардың пікірінше, экологиялық критерийлерге сәйкес көшелер мен тұрғын үйлердің арасындағы жасыл желек қорының көлемі әр тұрғынға шаққанда 10 шаршы метрден кем болмауы тиіс. Орал қаласы бұл талаптарға толық сәйкес келеді. Алайда ағаш қорының сапасы қандай? Оны анықтау үшін жасыл желекке түгендеу шараларын жүргізу қажет, - дейді экологтар.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ. Ақрап

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz