Биыл Атырау облысының 51 елді мекенінде 320 шақырымға жуық автомобиль жолын жөндеу жоспарланған.
Облыстық маңызы бар «Атырау-Индер» күрежолын жөндеу жұмыстары осы айда толық аяқталмақ. Үш жылға созылған құрылыс бұрынғы мердігер мекеменің жауапсыздығынан кешігіп келген. Енді жобаға тартылған жаңа компания жол құрылысын мәресіне жеткізуді қолға алды. Бұл жұмыстар өңірді дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде өңірде барлығы 91 әлеуметтік жоба жүзеге аспақ. Соның ішінде республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолын қайта жаңғырту жобасы да бар. Сонымен қатар облысішілік «Миялы-Сағыз» бағытындағы жолға жаңа асфальт төселіп жатыр.
Атырау-Индер тас жолын жөндеу жұмысы 3 жыл бойы аяқталмай келген болатын. Жүйесіз жұмыстан жүйкесі құрыған Бөдене, Жарсуат ауылының тұрғындары мен жүргізушілер сапасыз жұмысқа жиі наразылық білдіретін. Биыл жауапсыз мердігердің орнына жаңасы келіп, жұмыс қайта жанданды.
Абат Аққуатов, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл жолдың төселіп жатқанына 3 жылдан астам уақыт өтті. Осы резонанс тудырған жол жөнінде біздің мекеме халықтың сұрауымен салып беріп жатырған жол бұл. 22 сәуірде бастадық, ертең 20-да бітіруіміз керек 2 слойды. Асфальтымыздың қалыңдығы бірінші слойы 6 см, зернистый асфальт екіншісі 4 см мелкий асфальт.
Сондай-ақ Қызылқоға ауданындағы «Миялы-Сағыз» күре жолын жөндеу басталды. Осыдан 10 жыл бұрын төселген асфальт жабындысы сыр беріп, жол жарылып кеткен болатын. Қазір ақауы анықталған 30 шақырымға жаңадан асфальт төселе бастады. Биыл республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» күре жолы да жаңартылады. Жоба бойынша жолдың Атырау облысына қарасты 190 шақырымы жөнделуі тиіс.
Әсет Оразғалиев, облыстық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы:
- Құрылыс-монтаж жұмыстары Аққала ауылынан бері қарай, яғни БҚО шекарасынан бері қарай басталып жатыр. Орташа жөндеу барысында асфальт жабындысы толықтай ауыстырылады. Екі қабаты. Сонымен қатар жолдың негізгі қабаты цемент және стабилизатор дейміз, соны қосу арқылы бекітілетін болады.
Атырау облысы бойынша қазір 51 ауылда ұзындығы 320 шақырымға жуық жолда жұмыс жүріп жатыр. Оған жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге қаралды. Сондай-ақ биыл облыста Құрманғазы ауданына қарасты Азғыр өңіріне автокөлік жолының құрылысы басталмақ.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов
Тегтер #Атырау облысы #елді мекен #жол жөндеу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz