RU
Толық нұсқаға өту

ШҚО-да тұрғындар көпір құрылысының кешігіп жатқанына алаңдаулы

31.05.2026, 20:59 33

Шығыс Қазақстан облысындағы Шемонаиха ауданы тұрғындары көптен күткен жаңа көпір құрылысының кешеуілдеуіне алаңдаулы.

Уба өзені үстінен салынуы тиіс өткелдің жобалық-сметалық құжаттары екі жыл бұрын дайын болғанымен биыл мамырда басталуы тиіс құрылыс жұмыстары әлі қолға алынбаған. Ал осыдан 20 жыл бұрын салынған  көпірдің әбден тозығы жеткен. Трансшекаралық маңызы жоғары жобаның басталуына не кедергі ?

Уба өзеніндегі бұл көпір осыдан 20 жылдай бұрын апатты деп танылды. Соған қарамастан әлі де қолданылып келеді. Өйткені өзеннен өтудің бұдан басқа жолы жоқ. Тәулігіне әрі-бері 2 мыңнан аса көлік жүретін өткелге түсетін салмақты азайту мақсатында мұнда бағдаршам қойылып, бір бағытты көлік қозғалысы да енгізілген. Алайда автокөлік жүргізушісі Василий Лобановтың айтуынша, бұдан келер пайда аз. Өйткені жүк көлігінің нөпірі көп.

Василий Лобанов, Шемонаиха қаласының тұрғыны:

- Көпір үстіндегі қозғалысты қанша реттегенмен қауіп сейілмейді. Мысалы, бір бағытпен 5-6 жүк көлігі қатарынан өткен кезде қаншама салмақ түседі ғой. Сондықтан жаңа көпір салмай жағдай түзелмейді деп ойлаймын.

Өткен ғасырдың ортасында салынған гидроқұрылғы жөндеуге де жарамайды, дейді сарапшылар. Сол себепті 2024 жылы жаңа көпірдің жобалық-сметалық құжатын рәсімдеу басталды. Ал құрылыс жұмыстары осы көктемге межеленген еді. Бірақ әзірге ешқандай қарбалас байқалмайды.

Дидар Кеңесбаев, Шемонаиха ауданының әкімі:

- Жобаны бастау аздап созылып кеткені рас. Себебі дәл құрылыс учаскесінде бірнеше жекеменшік жер телімдері болды. Бұл сұрақты қазір толықтай шештік деуге болады. Енді белгіленген өтемақымен келіспей тұрған бір меншік иесінің шағымына байланысты сот шешімінің күшіне енуін ғана күтіп отырмыз. 

Бұдан кейінгі шаруаның қарқын алуы қаржының уақытылы бөлінуіне байланысты, дейді мамандар. Жобаның қазіргі құны 8 милллиард теңгеге жуықтайды. Егер жұмыс сәтімен басталып кетсе, екі жылда жаңа өткел бой көтереді.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Жаңа көпір салынғаннан кейін 70 жылға жуық тарихы бар өткелдің әрі қарайғы тағдыры шешілетін болады. Яғни бұл гидроқұрылғы мүлдем сүріліп, алынып тастауы мүмкін. Немесе халық серуендейтін әдемі бір орынға айналуы ықтимал. 

Жаңа гидроқұрылғының ені ескіге қарағанда 6 метрге кеңейсе, ұзындығы 40 метрге ұзарады. Ең бастысы, ол салынған соң тек облысаралық қана емес, үш ел арасындағы транзиттік әлеует артады. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz