Түлкібаста жасанды тоғанда балық өсіріп жатқандар көп. «Әсіресе форель таудың салқын суында еркін тіршілік етеді», - дейді мамандар.
Ханбалық, бекіремен қатар жасанды көлде сазан да еркін жүзіп жүр. Кәсіпкерлер мемлекеттің қолдауы балық шаруашылығын дамытуға серпін бергенін айтады.
Жаскешу ауылының тұрғыны Болат Тоқтаров 4 жылдан бері балық өсірумен айналысады. Алғашында жасанды тоған қазып, 10 мың сазан шабағын жіберген. «Таудың салқын суында сазанды көбейту оңай шаруа емес», - дейді. Әр жаз сайын сазаннан 100 тонна өнім алып, ішкі нарыққа шығарады. Одан бөлек, арнайы тоғанда форель өсіріп отыр.
Болат Тоқтаров, кәсіпкер:
- Қазіргі салған балығымыз 300-400 грамм балықтар. Осыны біз 2 айдың ішінде 2 келіге шығарамыз. Бір бассейнде 5 тонна хан балық өсіреміз деген жоспар бар. Үлкен диаметрі 16 метрлік бассейндерде 30 тонна балық өсіру көзделіп отыр. Осы жердің өзінен құбылмалы бахтахты 200 тонна, сазан балықты да 200 тоннаға жеткізсек деген ниетіміз бар. Ол 2028 жылға дейін жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлер балықты көбейту үшін, жаңашыл әдістерді қолданып-ақ жатыр. Керейіт ауылындағы шаруашылық теңіздің ащы суында өсетін бекірені бұлақ суына бейімдеп алаған. Жылына 300 тонна хан балық, 200 тонна бекіре, 50 келіден аса уылдырық өндіреді. Шаруашылықта 15 бассейін бар. Суды тазалау, жем салу жұмыстары автоматтандырылады.
Андрей Вадимовский, кәсіпорынның бас маманы:
- Біз өсіріп отырған балықтың тұқымын өзіміз өндіреміз. Кішкентай шабақтан тауарлы балыққа дейін өсіріп, еліміздің барлық аймағына жөнелтеміз. Себебі таза суда өскен балыққа сұраныс жоғары. Өндірістік алаң 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Хан балықты сырттағы тоғандарда, ал бекірені іште өсіреміз. Осының барлығына мемлекеттік қолдаудың арқасында қол жеткіздік.
Облыстық аквашаруашылық саласында 200-ге жуық нысан бар. Оған ірілі-ұсақты 104 су айдынын тағы қосыңыз. Оның жетпістен астамы конкурстық негізде кәсіпкерлерге берілсе, қалағаны резервтер.
Жадыра Қожахметова, Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы:
- Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлық балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу көзделген. Биыл бұл көрсеткішті 9 123 тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Аталған межелер балық шаруашылығы саласын кешенді дамытуға, өңірдің азық-түлік әлеуетін арттыруға және әлеуметтік-экономикалық өсімге ықпал етеді деп айта аламыз.
Балық шаруашылығын қолдау мақсатында мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көрсетіледі. Мәселен, биыл субсидиялауға облыстық бюджеттен 500 млн теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу мақсатында республикалық бюджет есебінен 144 млн теңге қарастырылды.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түлкібас #форель #кәсіпкерлер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz