RU
Толық нұсқаға өту

Жастар маусымдық жұмыспен қамтылады

01.06.2026, 07:41 47

Алматы облысында жасы он төрттен асқан оқушылар мен студенттерді жаз мезгілінде жұмыспен қамту шаралары басталды.

Өңірде бес жыл бұрын арнайы бағдарлама жасалған еді. Жасөспірімдер еңбек түріне қарай, 350 мың теңгеге дейін жалақы алады. Жоба аясында жұмысберушілер оларды ресми түрде қабылдап, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге міндетті. 

Биыл Нұрасылдың жазғы демалысы жылдағыдан ерекше өтеді. 15 жастағы жасөспірім біраздан бері мобилографиямен айналысып жүр. Бейнетүсірілім мен монтаж жасауды меңгерген ол кәсіпкерлерге түрлі материал дайындап береді. Өзін өзі жұмыспен қамтығанымен, еш жерде ресми тіркелмеген. Жастарға арналған жаздағы жұмыс туралы естіп, Enbek.kz платформасында өтінім қалдырған. 

Нұрасыл Қабер, оқушы:

- Мен Қонаев қаласының мобилографымын. Осы жерде бос жұмыс орны бар екенін біліп, СММ мамандығына резюмемді өткізген болатынмын. Арнайы портал ашып, енді жауабын күтетін боламын.

Биыл жастарға ұсынылатын жұмыс түрі де көбейді. Жасөспірімдер курьер, промоутер, аниматор немесе лагерде тәлімгері болып еңбек ете алады. Ал әлеуметтік желіге қызығатындар контент әзірлеу мен SMM бағытында тәжірибе жинақтайды. Мамандар: «Жұмыс орындары қауіпсіздік талаптарына сай келеді», - дейді. Жұмыс уақыты жас ерекшелігіне қарай белгіленіп, Еңбек заңы сақталады.

Абылай Зуайда, облыстық еңбек мобильділігі орталығының басшысы:

- Бұл мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін жасөсіпірімдер, жастарымыз «Еңбек нарығы» ақпараттық жүйе арқылы немесе біздің аудандық, қалалық мансап орталықтарына жолығып, бүкіл ақпарат алып, сол жерден жолдама ала алады. Бұл жұмыстар, ең бастысы, ата-ананың нотариалдық рұқсатымен жұмыстарғы жіберіледі. Одан басқа, жеңіл жұмыстарға жібереміз. 

Жазғы жұмыспен қамту бағдарламасы өңірде бес жылдан бері бар. Былтыр 500-ге жуық жас тартылса, биыл 800 адам тартылады. Бағдарлама аясында әлеуметтік қолдауды қажет ететін және аз қамтылған отбасыдан шыққан жастарға басымдық беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл бастама жасөспірімдерге алғашқы табысын тауып қана қоймай, еңбекке жауапкершілікпен қарауды үйретеді. 

Авторлары: Гүлім Советхан, Аят Дүйсембай, Аманжол Жөнкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz