Токиода Азия қазақтарының үшінші құрылтайы өтті. Бұл тек жергілікті диаспораның ғана емес, қазақ мәдениетіне тәнті болған жапондықтардың да назарын аударды.
Форум аясында ұйымдастырылған концерт пен ғылыми семинарға 300-ден астам адам қатысты.
Жапонияда 600-ден астам қазақ тұрады. 26 жыл бұрын Гүлзат Жарқын Қытайдан оқытушылармен тәжірибе алмасу бағдарламасы бойынша Хоккайдоға келеді. Осында оның ұлы мен қызы дүниеге келді. Қазір отбасы мүшелерінің барлығы - Жапония азаматтары. Алайда Гүлзат пен оның жұбайы азаматтықты тек 3 жыл бұрын ғана ауыстырған. Төлқұжат ауысқанымен, олар өз тектері мен есімдерін сақтап қалу арқылы ұлттық бірегейліктерін айқындап отыр.
Гүлзат Жарқын, Жапон Халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығының президенті:
- Қазақстан десе, қазақ десе, жүрегіміз де, қанымыз да ерекше толқып, қызып тұрады. Қазақты, Қазақстанымызды көрсек, жылағымыз келіп кетеді. Сондықтан қазақ тілін де ұмытпай, қазақтың салт-дәстүрін қазіргі балаларымызға айтып, үйретіп жатырмыз. Ұлымыз да, екі баламыз да осы Жапонияда дүниеге келді. Құда-құдағиымыз жиі хабарласып тұрады. «Бүгін Қазақстан туралы жаңалық шығып жатыр, тез көріңдер!» деп айтып жатады.
Қазіргі таңда Гүлзат құрамына 44 компания кіретін Жапон халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығын басқарады. Оның кеңсесінде 8 қызметкер жұмыс істейді, олардың бірі – Қазақстан азаматы. Гүлзат өз ұйымына мүше кәсіпкерлердің өзге елдермен, соның ішінде Қазақстанмен байланыс орнатуына мұрындық болып отыр. Бұған қоса, ол жапон тілін меңгерген қазақстандықтардың жұмыс табуына да көмектеседі.
Гүлзат Жарқын, Жапон Халықаралық өзара іс-қимыл және даму қауымдастығының президенті:
- Қазақстанның Президенті де келіп, осы Жапонияда Қазақстанды жан-жақты таныстырып, көптеген бағытта насихаттап жатыр. Соның арқасында басқа елдер де Қазақстанды танып, біліп жатыр. Екі жылдың алдында мен дәрі-дәрмек саласындағы бірнеше компанияның директорларын Қазақстанға апардым. Олардың бірі балаларға арналған дәрі шығаратын компанияның директоры болса, енді бірі бауыр және ішкі ағзаларға арналған дәрілер өндіретін компанияның директоры еді.
Қазақстанға білім іздеп барған алғашқы жапон қыздарының бірі – Норико Тода. Ол 1995 жылы Алматы мемлекеттік консерваториясының аспирантурасына түскен. Шетелде жүріп домбыра тартуды меңгеріп, қазақ тілін де үйреніп шығады. Тіпті Нұрико деген жаңа қазақ есімін алған. Бүгінде ол Жапонияның бірнеше университетінде Азия елдерінің, соның ішінде Қазақстанның халық музыкасынан дәріс береді.
Норико Тода, музыка оқытушысы:
- Мен Алматыда консерваторияда оқыдым. Сол кезде сабаққа бардым, сосын апайлармен, ағайлармен бірге қазақша сөйлесіп, солай оқыдым. Грамматикасы жапон тіліне кішкене ұқсап тұр да. Маған өте ұнады, соны оқу ыңғайлы болды. Бүгін Қазақстаннан келген музыканттардың концерті болғаны үшін соны тыңдауға келдім. Қазіргі музыканттар шақырылған. Соған өте қызығып, соны тыңдауға келдім.
Норико Азия қазақтарының үшінші құрылтайы аясында өткен «Арқайым» нео-этно-фольклорлық тобының концертін тамашалауға келген екен. Форум барысында қазақ мәдениетін зерттеп жүрген жапондықтар мен қандастарға өз шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік бар екені хабарланды. «Отандастар» қоры қазақ тілі мен домбыра үйрету бойынша үш айлық тегін онлайн-курстар ұйымдастырды. Тыңдаушыларға қойылатын жалғыз талап – әр қатысушының өз музыкалық аспабы болуы тиіс.
Авторлары: Владислав Цой, Ольга Лян
Тегтер #Жапония #Қазақстан #құрылтай #форумPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz