2026 жылдың маусым айынан бастап Қазақстанда заңнама, әлеуметтік бағдарламалар, көлік қатынасы және қаржы саласында бірқатар маңызды өзгерістер күшіне енеді, деп хабарлайды «24KZ».
1 маусымынан бастап жылжымайтын мүлік құжаттары толық онлайн форматқа көшеді
Жылжымайтын мүліктің техникалық паспорты мен кадастрлық паспортын, сондай-ақ олардың телнұсқаларын рәсімдеу толықтай онлайн форматқа ауыстырылады.
ХҚКО-ға барудың қажеті жоқ: Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) операторлары арқылы бұл құжаттарға өтінім қабылдау толығымен тоқтатылады.
Қалай рәсімделеді: Азаматтар eGov.kz порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы үйден шықпай-ақ өтінім беріп, төлем жасайды. Дайын құжат пайдаланушының Жеке кабинетіне автоматты түрде жүктеледі.
Онлайн қызметті пайдалана алмайтын азаматтар үшін ХҚКО-лардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары қолжетімді болады.
1 шілдеден бастап ипотека арзандайды
Ипотека бойынша коммерциялық банктердегі мөлшерлеме биылғы 1 шілдеден бастап 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендейді.
Сыйақы мөлшерлемесінің жаңа шекті деңгейлері Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) мен Ұлттық банктің бірлескен қаулысы аясында қайта бекітілді.
«Алматы жастары» бағдарламасына құжат қабылдау басталады
1–15 маусым аралығында Алматы қаласындағы 35 жасқа дейінгі жастар үшін жеңілдетілген тұрғын үй несиесін ұсынатын «Алматы жастары» бағдарламасына өтінімдер қабылданады.
Өтінім беру: 1 маусым сағат 09:00-ден бастап kezekte.kz порталында («Тұрғын үй сервистері» – «Almaty Jastary» бөлімінде) ЭЦҚ арқылы қабылданады.
Негізгі шарттары:
Несиенің ең жоғары сомасы — 20 млн теңге;
Жылдық сыйақы мөлшерлемесі — 5%, бастапқы жарна — 10%;
Бастапқы және екінші нарықтағы баспананы сатып алуға болады.
Талаптар: Алматыда кемінде 1 жыл тұрақты тіркеудің болуы, соңғы 5 жылда үміткер мен отбасы мүшелерінің атында үйдің болмауы және кемінде 6 ай ресми жұмыс өтілінің болуы шарт.
Бағдарлама денсаулық сақтау, білім, мәдениет, спорт, БАҚ, құқық қорғау және коммуналдық сала мамандарына арналған.
1 маусымнан бастап магистратураға түсу үшін кешенді тестілеуге (КТ) өтініштер қабылдау басталады
Мерзімі: Тіркелу 8 шілдеге дейін app.testcenter.kz сайтында жүргізіледі. Тестілеудің өзі 20 шілде мен 10 тамыз аралығында өтеді.
Талапкер тест тапсыратын қаланы өзі таңдайды. Ғылыми-педагогикалық магистратураға түсу үшін шекті балл — 75 балл.
8 маусымнан бастап Еңбек кодексіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енеді
Енді жұмыс берушілердің қызметкерлерді заңсыз түрде Азаматтық-құқықтық сипаттағы шартпен (АҚС/ГПХ) ұстауына қатаң тыйым салынады.
Егер жұмыс беруші мен қызметкер арасында тұрақты еңбек қатынасының белгілері (кеңседе тұрақты отыру, жұмыс графигін сақтау т.б.) байқалса, компания ол адамды ресми түрде штатқа қабылдауға міндеттеледі. Тексеріс кезінде заң бұзушылық анықталса, бизнеске 648 750 теңгеге дейін айыппұл салынады және жұмыс беруші қызметкерге демалыс ақысы мен аурухана парағы сияқты барлық еңбек кепілдіктерін төлеуге мәжбүр болады.
4 маусымда зейнетақы жинағының ең төменгі жеткілікті шегін анықтаудың жаңа тәртібі күшіне енеді
Жаңа ереже бойынша, жеткіліктілік шегі алдыңғы жылғы деңгейден төмен болмауы тиіс және ол инфляция деңгейінен 5 пайыздық тармаққа жоғары мөлшермен қайта есептеліп отырады.
Көрсеткішті есептеу кезінде жылдық табыстылық мөлшерлемесі 9% деңгейінде, ал ай сайынғы төлемдердің жыл сайынғы өсімі 8% көлемінде есепке алынады.
Маусым айында ескі үлгідегі 2 000 және 10 000 теңгелік банкноттардың қатар айналымда жүру мерзімі аяқталады
2 000 теңгелік ескі банкнот — 24 маусымда (басқа дерек бойынша 25 маусымда) айналымнан шығады.
10 000 теңгелік ескі банкнот — 27 маусымда айналымнан шығады.
Осы мерзімнен кейін олар төлем құралы болуын тоқтатады, бірақ банктер мен «Қазпошта» арқылы тағы 3 жыл бойы жаңасына айырбастауға болады. Ұлттық банк филиалдары бұл банкноттарды мерзімсіз қабылдай береді.
Жазғы демалыс маусымына орай Көлік министрлігі туристік бағыттарды кеңейтеді
Пойыздар:
16 маусымнан бастап ірі қалалардан Достық пен Балқаш шипажайларына қатынайтын 15 қосымша пойыз маршруты іске қосылады (вагондар саны 19-21-ге дейін көбейеді). Ал 1 маусымнан бастап Қарағанды – Балқаш бағыты бойынша жаңа жолаушылар пойызы жүре бастайды.
Ішкі әуе рейстері:
Балқаш, Үржар, Үшарал бағыттарына қосымша рейстер ашылады. Билет бағасы субсидияланады және 16 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болады. Сондай-ақ, 12 маусымнан бастап Астана – Шымкент бағытында аптасына 3 рет жаңа рейстер орындалады.
Шетелге шығу:
2 маусымнан бастап Астана – Гуанчжоу (Қытай) және Астана мен Алматыдан Ларнакаға (Кипр) жаңа рейстер ашылады. Ал FlyArystan 25 маусымнан бастап Грузияға (Батуми) рейстер санын арттырады. (Ескерту: Грузияға баратын туристердің медициналық сақтандыру полисі болуы міндетті).
Әскери міндеттілер жиыны жалғасады
Мамыр айында басталған әскери жиындар маусым айында да өз жалғасын табады. Қазан айына дейін созылатын бұл шара аясында еліміз бойынша 3 мыңға жуық әскери міндетті азамат жиынға шақырылады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz